Energyprom.kz мамандарының зерттеуіне қарағанда елімізде азық-түлік өндіру жөнінен Алматы облысы көш бастап тұр — 64,71 миллиард теңге. Одан кейінгі орындар Қостанай облысына (54,72 миллиард теңге) және Алматыға (54,7 миллиард теңге) тиесілі.
Өндірілген азық-түліктің жартысынан көбі ұн-жарма, крахмал өнімдері, өңделген, консервіленген ет өнімдері және сүт өнімдері. Дегенмен жуырда Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Қазақстанда құрғақ сүт, қант, құс еті, алма сияқты азық-түлік түрлері бойынша импорт үлесі басым екенін мәлімдеді. Ал дүниежүзі елдерінде пандемияға байланысты карантин енгізілгелі бері шекаралар жабылып, өнім тасымалдауға да шектеу қойылды. Бұл жағдай азық-түлік тапшылығына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет импортты алмастыруға 300 миллиард теңге бөлді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы 2 айында Қазақстан компаниялары шынымен де ішкі нарықтың қантқа сұранысын өтей алмады, импорт үлесі 95,9% болды, бір жыл бұрын тура осы кезеңде сырттан келген өнімнің үлесі 29,9% болған еді. Биылғы қаңтар мен ақпанда өзімізде өндірілген құс еті сұраныстың 79,4%-ін өтеді.