Алматыда коронавирус жұқтырған медиктердің дені — әйел адам

Басқарма басшысының мәліметінше, вирус жұқтырған қызметкерлердің 20-сы қалалық орталық ауруханада, жетеуі балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істейді. 21-і — әйел адам, оның біреуінің аяғы ауыр. Алтауы — ер адам.

Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының жеті қызметкері бұрын коронавирусты анықтайтын тест жасатқан, ол кезде нәтиже расталмаған.

Полисегментар пневмониямен ауыратындықтан екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.

Әдетте ауырып қалған пациенттердің әртүрлі патологиясы болады. Бұл олардың ауру жұқтыруына себеп болуы мүмкін. Қазіргі кезде эпидемиология бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, — деді Тілеухан Әбілдаев «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде.

Қазіргі сәтте Алматыда коронавирус инфекциясы бойынша барлығы 172 жағдай тіркелген. Инфекция стационарларында 122 адам жатыр. 89 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, сегізі ауыр жағдайда, 25 ересек адамның жағдайы орташа дәрежеде. Емделушілер арасында үш жүкті әйел бар.

Еске салайық, Алматыда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 27-ге жеткені бұған дейін хабарланған еді.