Басты бетЖаңалықтарНұр-Сұлтан дәрігерлері...

Нұр-Сұлтан дәрігерлері мемлекет төлеген үстемеақыға риза

Гүлвира Мағзұмова — №2 көпбейінді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары. Медицина саласында 30 жыл еңбек етіп келеді. Наурызда елдегі індетке қарсы күресте алдыңғы қатарда қызмет еткен білікті дәрігер. 21 наурызда карантин госпиталіне 17 адам болып барған. Госпитальге әуелі шетелден келген 18 адам, келесі рейспен 98 адам, 2 аптаның ішінде 500-ден астам адам түсті.

Қорқыныш, әрине, болды. Ол жерде жиналған адамдардың бәрінде қорқыныш болды. Осы ауру жайлы ақпарат көбейген сайын біздің медицина персоналы арасында да үрей пайда бола бастады. Сондықтан маған ол жердегі ұйымдастырушы адам болғандықтан ауыр жүк артылды. Бәріне психология жағынан көмектесуге тырыстым. Осылай жұмысымызды 4 сәуір күні аяқтадық, — дейді Гүлвира Мағзұмова.

№ 2 көпбейінді қалалық аурухана — Нұр-Сұлтандағы ең үлкен медицина мекемелерінің бірі. Мұнда 2 000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Ұжымға шетелден келіп, қаладағы бес ірі отельге карантинге жатқызылған адамдардың денсаулығын тексеру жүктелген. Дәрігерлер барлығы 22 рейсті қарсы алып, 2 мың жолаушыны тексеруден өткізді.

Карантин стационарларында тек мықты мамандар жұмыс істеді. Біз волонтерларды, студенттерді жұмысқа тартқан жоқпыз. Себебі ол алаңда өзін және өзгені қорғай алатын оқытылған мамандар болуы керек. Ауруханамыздан вирус жұқтырған бірде-бір қызметкер анықталған жоқ. Жұмыс істегендердің бәріне ынталандыру сыйақысы берілді. Президент берген тапсырма орындалып, қызметкерлерге күні кеше ақша аударылды. Біздің атқарған жұмысымыз ауру жұқтыру қаупі жөнінен үшінші санатқа жатады. Бізге 212 мың теңгеден ақша төленді, — дейді аурухананың бас дәрігері Иван Ли.

Ауруханада 47 бөлімше бар. Мұнда жылына шамамен 40 мыңға жуық адам емделеді. 12 мыңнан астам әйел босанады. Стационарларға 100-ден астам медицина маманы осы ауруханадан жіберілген. Қызметкерлер мемлекет төлеген үстемеақыға риза болып отыр.