— Нұрсұлтан, «Комикстегі физика» суреттер топтамасының төртінші бөлімінде кішкентай оқырман кейіпкерлермен бірге мұз лабиринтке саяхаттаған еді. Бұл жолы олар қайда барады?

 – Руслан, Әлібек, Ника және Ерік атты басты кейіпкерлер бесінші бөлімде көне Таразға барады. Ежелгі қалашықта саяхаттап жүріп, түрлі шытырман оқиғаға тап болады. Ол жерде ұлы ғалым әл-Фарабиді кездестіреді. Бұл шығарылымда кейіпкерлер Жер шарындағы тепе-теңдік заңдарын үйренеді. Осылайша бесінші бөлімде бір хикая желісі аяқталады. Комикстің алтыншы және жетінші бөлімдері фантастика жанрына жақын. Онда кейіпкерлер алтын арқарды іздейді. Іздеу барысында балалар Байқоңырға барады. Ал сегізінші, тоғызыншы және оныншы бөлімдерде кейіпкерлеріміз ғарышқа және микроәлемге саяхаттап, тағы да мүлдем күтпеген жағдайларға тап болады.

«Комикстегі физика» жобасы 10 бөлімнен тұрады. Ол бөлімдер үш хикаяға бөлінген, бірақ кейіпкерлер ауыспайды. Әр серия 1000 данамен таралады.

Осымен комикстің жеті бөлімін жарыққа шығардық. Сегізінші сериясының суреттерін салып бітірдік. Оны сәуірде шығарамыз деп жоспарлағанбыз. Өкінішке қарай, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жоспар кейінге қалды. Қазір тоғызыншы бөлімін жасап жатырмыз.

комикс
Фото: Шахмардан Есенов қоры

 — Балаларға физиканың заңдарын түсіндіруге не себепті комикс жанры таңдалды? Комикстің бір оқиғасында осы ғылым саласының қанша теориясы, қанша формуласы сөз болады?

 – Суреттер топтамасын жасау кезінде біздің екі мақсатымыз болды. Бірінші мақсат — жас оқырманға қызық оқиға ұсыну. Екінші мақсат — физика заңдарын қарапайым мысалдармен түсіндіру. Біз балаларға айналамыздағы құбылыстың бәрі физика заңдарына байланысты екенін түсіндіргіміз келеді. Комиксте кейіпкерлеріміздің әрбір іс-әрекетінде және жүрген жерлерінде физиканың қандай заңдары кездесуі мүмкін екенін көрсеттік. Мысалы, алтыншы бөлімде кейіпкерлер бір ауылға барады. Ауыл тұрғындары егін егумен, мал шаруашылығымен айналысады. Балалар физика формулаларына сүйене отырып, тұрғындардың меншігіндегі жер телімдерін өлшеп береді.

Нұрсұлтан Нұрмұханов, Есенов қоры
Нұрсұлтан Нұрмұханов. Фото: Айгүл Хожантаева

Комикстің бір бөлімі 7-8 заңды қамтиды. Біздің «Комикстің үш бетінде бір заң болуы керек» деген қағидамыз бар. Одан көп болып кетсе, балаларға қызықсыз және қиын болып кетуі мүмкін.

— Комикс кітабының бағасы қанша?

— Мен нақты бағасын айта алмаймын, себебі әр дүкенде әртүрлі, бірақ бір бөлімнің бағасы 1 000 теңгеден аспайды.

Елімізде енгізілген қатаң карантин режиміне байланысты қазір балалар үйде отыр. Үйде ұзақ отырған бала жалығуы, көңіл-күйі түсуі мүмкін. Балалар үйде отырып, өзін-өзі дамыта алуы үшін біз оларға «Комикстегі физика» суреттер топтамасының бірінші бөлімінің онлайн нұсқасын тегін ұсынып отырмыз. Балалар комиксті Yessenovfoundation.org сайтынан жүктей алады.

комикс
Фото: Шахмардан Есенов қоры

Еліміздегі кітап дүкендерінде Еуропа елдерінде, АҚШ пен Ресейде шығарылған комикс өнімдері толып тұр. Өзімізде жасалған суретті шығармалар жоқтың қасы. «Комикстегі физиканың» ерекшелігі — біздің балалар комикстен Қазақстанды көреді. Еліміздің өңірлері арқылы физика заңдарын үйренеді, Қазақстанның географиясымен, тарихымен танысады.