Басты бетЖаңалықтарПрезидент медицина...

Президент медицина қызметкерлеріне жағдай жасауды тапсырды

Президенттің айтуынша, өңір басшылары дәрігерлер мен медбикелерге қаржылай қолдау көрсетуі керек.

Алғашқы төлем төлене бастады. Сонымен бірге мәселелер мен шағымдар айтыла бастады, әсіресе менің атыма төлем сомасы мен төлем алушылар туралы шағым айтылып жатыр. Мемлекеттік комиссия қаражаттың қысқа мерзім ішінде бәріне түгел әрі әділ жетуін қатаң қадағалауы керек. Біз коронавирус жұқтырғандармен тығыз байланыс жасайтын медицина жұмысшыларына көмектестік. Олар 30 мыңға жуық. Сонымен бірге жергілікті билік өкілдері медицина жұмысшыларының басқа санатының мәселелерін шешуден жалтармауы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста Президент медицина қызметкерлері вирус жұқтырып жатқанын айтты.

Ауру жұқтырған бес адамның біреуі — медицина қызметкері. Бұған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болып отыр. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда бұған мүлдем жол беруге болмайды. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек. Олар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуге тиіс. Сонымен бірге олардың демалатын және уақытша тұратын жерлерін мұқият ойластырған жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлерге, әскери қызметшілерге, мемлекеттік қызметшілер мен волонтерларға да сондай көмек берілуі керек екенін айтты. Ол вирус ошақтарына қатысты мәліметті жасырмауды, бәрін шұғыл жариялауды және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істеуді тапсырды.

Коронавирустың таралу салдары қандай болатынын толық білу үшін енді тестілеу ауқымын айтарлықтай кеңейту керек. Тәтті өтіріктен ащы щындық артық. Ол ең әуелі азаматтарымыздың денсаулығы үшін қажет. Коронавирус — бірегей дәрісі жоқ қатерлі ауру болса да, қазіргі заманғы диагностика мен қолда бар препараттарды қолданған кезде емдеуге келетін ауру. Денсаулық сақтау министрлігі адам өлімін түпкілікті азайтуы керек, — деді Президент.