Төтенше жағдай режимі сәуірдің соңына дейін ұзартылады

Президенттің айтуынша, карантин режимі аяқталмайтыны қазірдің өзінде түсінікті.

15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін кем дегенде сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін астанада, Алматы мен Шымкентте және облыстарда сәуірдің аяғына дейін ұзартуды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінетінін айтты. Халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді, бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ.

Бұл — отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы, — деді Президент.

Еске салайық, Қазақстанда төтенше жағдай режимі 16 наурыздан бастап енгізілген еді.