Қызылордадағы ахуалды баяндайтын «COVID-19» ақпараттық-медиа бөлімі іске қосылды

«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігі уеб-сайтының базасында пандемияның Қызылорда облысындағы ахуалы туралы нақты, ресми әрі жан-жақты мағлұмат беретін «COVID-19» атты ақпараттық-медиа бөлім іске қосылды.

Қазіргі уақытта Қызылорда өңірінің басты ақпарат көзіне айналған агенттіктің сайтында арнайы «COVID-19» баннері орналастырылған. Осы айдардың ішінде Қызылорда облысындағы ахуалдың, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың статистикасын көруге болады. Ол өңірде қауіпті індет жұқтырған әр науқас тіркелген сайын автоматты түрде жаңарып отырады.

Kyzylorda-news.kz
Ақпараттық-медиа бөлімнің скриншоты

Бұдан қоса, аталған айдардан «Жаңалықтар», «Сұрақ-жауаптар», «Нормативтік-құқықтық актілер» топтамаларын көруге болады.

Уеб-сайттағы «COVID-19» ақпараттық-медиа бөлімінің «Жаңалықтар» топтамасында коронавирус инфекциясы туралы әлемдегі, еліміздегі және Қызылорда облысындағы кейінгі жаңалықтармен танысуға мүмкіндік жасалған. Бұл топтамада, әсіресе, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен қайырымдылық шараларына, түрлі акцияға басымдық берілген.

«Сұрақ-жауаптар» топтамасында қауіпті індетке байланысты ең жиі қойылатын 20 сауалдың толық әрі нақты жауабы жазылған.

Осы инфекцияға байланысты Мемлекет басшысының жарлығы мен Үкіметтің, облыс әкімінің, Қазақстанның және Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулылары мен бұйрықтарын, тиісті шешімдерін «Нормативтік-құқықтық актілерден» табасыз.

Kyzylorda-news.kz
Ақпараттық-медиа бөлімнің скриншоты

Ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбайдың айтуынша, жаңадан ашылған ақпараттық-медиа бөлім облыс тұрғындары үшін дер кезінде іске қосылып отыр. Бұл жоба аймақта күн сайын тарап жатқан көптеген жалған ақпарат пен түрлі негізсіз қауесетті болдырмауға мүмкіндік береді.

Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің жаңартылған әрі жетілдірілген дизайндағы заманауи сайтының іске қосылғанына да көп бола қойған жоқ. Дегенмен жаңа дизайн агенттік тілшілеріне көптеген жаңа мүмкіндік ашып отыр. Мысалы, біз уеб-сайтта «COVID-19» ақпараттық-медиа бөлімін еш қиындықсыз жүзеге асырдық. Елімізде төтенше жағдайдың жарияланғанына бір ай болған жоқ. Бірақ аз уақыттың ішінде түрлі әлеуметтік желде, мессенджерлерде күн сайын жүздеген жалған ақпараттың таралуы тоқтар емес. Бұл жағдай біздің өңірде де кездесіп отыр. Сондықтан қауіпті індетке байланысты облыстағы ахуал, аймақтағы нақты статистика мен кейінгі жаңалықтар топтастырылған интернет-ресурс жасау туралы шешім қабылданды. Бөлім қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бұған қоса, оқырмандармен кері байланысты жандандыру және облыс тұрғындарының мазалаған сауалдарына дер кезінде жауап беру мақсатында сайтта «Бізге жаңалық жіберіңіз» бөлімі ашылып, онда арнайы «WhatsApp» нөмірі көрсетілді. Күніне 30-35 оқырман осы «WhatsApp» нөміріне тікелей хат жазып, мазалаған сауалы мен мәселесін жолдап отырады. Біз ол сұрақтарды тиісті мекемелерге жіберіп, 15-20 минуттің ішінде жауап береміз. Ақпараттық-медиа бөлімде елорда мен облыста өтіп жатқан онлайн брифингтерді сол уақытта тікелей көруге де мүмкіндік бар, – дейді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.

Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің уеб-сайтындағы «COVID-19» ақпараттық-медиа бөлімі облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырысмен ашылған.