«Комикстегі физика» — Шахмардан Есенов қорының балалар мен жасөспірімдердің ғылымға деген құмарлығын арттырып, физика пәнін жаңаша оқытатын жобасының келесі бөлімі. Хикаяларды баяндайтын көркемсурет топтамасы Khan Comics баспасынан шығады. Комикстің жаңа бөлімі 12 наурызда Алматыдағы Сапарғали Бегалин атындағы балаларға арналған мемлекеттік кітапханада таныстырылады.

Үшінші шығарылымда кейіпкерлеріміз қиял әлеміне аттанып, табиғаты ғажап Қайыңды көлінің пайда болу мистикасын біледі. Сонымен қатар оның ғылыми және тарихи түсіндірмесі де бар. Ал төртінші бөлімінде біздің басты кейіпкерлер мұз лабиринтке саяхаттап, қаһарлы әрі қорқынышты құбыжықтардың бірімен кездеседі, — дейді Khan Comics-тің негізін қалаушы Оразхан Жақып.

Физика комиксте, Есенов қоры
Фото: Yessenovfoundation.org

Комикстің жаңа бөлімдерінде сюжеттің дамуына қарай Әлібек, Ника, Руслан және Ерік атты басты кейіпкерлер физиканың заңдарымен танысады. Бұл заңдармен бастауыш класта танысқан бала жоғарғы класта басталатын күрделі пәнге дайын болады. Тіпті, бала жасөспірім шағынан ғылыммен айналысуды бастауы мүмкін. Шахмардан Есенов қоры осы жылдың соңына дейін комикстің 10 сериясын басып шығаруды жоспарлап отыр.

Бұл жергілікті суретшілермен жасалған Қазақстанның өнімі. Комикстер физик-математик Яков Перельманның «Қызық физика» кітабының желісі бойынша шығарылып жатыр. Адам өмірінде әр минут сайын кездесетін физика заңдылықтары бізге байқалмайды. Жасөспірімдерге оларды комикспен түсіндіріп, қызық оқиға желісімен жеткізу маңызды. Ғылымды популизациялап, оған деген құмарлықты ерте жастан оятқан жақсы. Ақпанда комикстің алғашқы екі санының 200 данасы 25 кітапханаға тегін таратылды, – дейді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Нұрмұханов.

Нұрсұлтан Нұрмұханов, Есенов қоры
Нұрсұлтан Нұрмұханов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Комикстегі физика» Алматыдағы «Книжный город», «Меломан» және «Алматыкітап» дүкендерінен сатып алуға болады. Сонымен қатар Flip.kz сайтынан онлайн тапсырыс бере аласыз.