Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режимі мен дағдарысқа қарсы шараларға байланысты жасаған мәлімдемесінде айтты.
Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдай ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10% индексациялауды тапсырдым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен жасаған мәлімдемесінде.
Индексация — әлеуметтік төлемдерді инфляцияға және тұтыну бағасы индексінің өсуін ескере отырып көбейту.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік төлемдерді 10% индексациялау осы санаттағы азаматтардың табысын арттыруға 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетінін білдіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимі салдарынан табыссыз қалғаны үшін ең төменгі жалақы көлеміндегі әлеуметтік төлем алушылар тізімін кеңейтуді де тапсырды. Бұл көмекті 3 миллионға жуық азамат ала алады.
Мемлекет басшысы мәлімдемесінің толық нұсқасын Ақорда сайтынан оқуға болады.