Басты бетҚоғамҚызылорданың Qosyl...

Қызылорданың Qosyl орталығы волонтер қатарын көбейтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Волонтер жылына» орай Қызылорда қалалық жас­тар орталығы ребрендинг жасап, атауын жаңартып, қызмет аясын кеңейте түсті.

Бұдан былай Qosyl қалалық жастар ресурстық орталығы аталатын мекемеге арнайы келген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының облыс­­тық ұйымы жетекшісі Айдос Қожа­мұратов рапорт беріп, клуб мүшелері қаруды бөлшектеп-жинаудан үйренген машықтарын көрсетті. Қазір қала мек­тептерінің 1500-ге жуық оқушысы — осы ұйым мүшесі.

«Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Кеңшілік Сабыржан орталықтың жұмысы мен алдағы жоспары туралы айтты.

Волонтерлық бағыттағы жобалар қала­да 5 жыл бұрын қолға алынған. Қазір 20-дан астам ұйым түрлі бағытта қызмет етіп келеді. Енді «Qosyl» солардың басын біріктіріп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, NEET санатындағылармен жұмысты күшейту, суицид пен құқық бұзушылықтың алдын алу, онлайн кеңес беру сияқты бағыттар жандана түседі.

Қала басшысына «28 ілмек» волонтерлар клубының жетекшісі Әйгерім Нұрлан атқарып жатқан жұмыстарын таныстырды. Шала туған сәбилерге табиғи жүннен киім тоқитындар қатары жыл сайын артып келеді. Осыған дейін 1500-ден астам балаға тоқыма киім тарту еткен клуб мүшелері өндіріске қажет материалды өздері сатып алып келіпті. Былтырдан бастап «Самұрық-Қазына» қорының грантын ұтып алып, шағын баспахана ашты. Енді содан түскен табысты осы істі жандандыруға жұмсап, қайырымдылық аясын кеңейте түспек.

Шарада «Қызылорда — қайырымды жандар» волонтерлар тобының жұмысы да таныстырылды. Қазір «Әлем сізбен әдемі» жобасын қолға алған топ мүшелері оңалту орталықтары мен «Атамекен» балалар ауылы, «Аналар үйі», «Қарттар үйі» тұрғындары үшін сұлулық салондары қызметін тегін ұсынады. Ал «Озат» жобасы аясында көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отба­сылар балалары түрлі үйірмеге қатысады.

Кездесуде қала басшысы атаулы жыл­дағы бастамалар туралы баян етті. Биыл облыс орталығында 12 әлеуметтік жоба жүзе­ге асады. Қазір «Birgemiz ерікті­лер корпусы» арнайы жобасы бастау алып, волонтер жастардың базасы құрылып жатыр.

Биыл еріктілік пен белсен­ділік­тің үлгісін танытып жүрген жерлес­теріміз арасында арнайы байқау жарияланады. Жыл көлемінде волонтерлер қозғалысына ерекше атсалысқан азаматтарды анық­тап, еңбегіне алғыс ретінде шетелге сая­хат жолдамасын табыстаймыз. Олар сол сапардан қала мәдениетін дамыту, қор­шаған ортаны көркейту, көгалдандыру бағытында тың идеялар алып келеді деген ойдамыз және соны облыс орталығында жүзеге асыруына қолдау жасаймыз, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.