Ақорда сайтының хабарлауынша, Қазақстан Президенті коронавирус пандемиясының таралуын ауыздықтау жөніндегі Қытай басшылығының батыл әрі жүйелі іс-қимылын жоғары бағалады.
Бүкіл әлем Қытай медицинасының зор әлеуеті мен дәрігерлерінің жоғары кәсібилігіне тәнті болды. Жалпы, Қытай Сіздің басшылығыңызбен орталықтандырылған басқарушы жүйенің зор әлеуетін және дағдарыс жағдайын тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Си Цзиньпин коронавирустың таралуы барлық ел үшін күтпеген сынақ болғанын айтты. Қытай пандемияға қарсы әлемдік күреске үлкен үлес қосты. Қытай басшысы бұл істе әлі толық жеңіске жеттік деп есептемейді. Індет екінші мәрте қайталанбауы үшін қосымша шешім қабылдау қажет. Си Цзиньпин Қазақстан мен оның басшылығына Қытайға коронавируспен күресте көрсеткен нақты қолдауы үшін алғыс айтты.
Сіздер «Дос қиын сәтте сыналады» деген мақал дұрыс екенін анық көрсеттіңіздер. Қытай өз тарапынан Қазақстанды медицина жабдықтарымен қамтамасыз етіп, гуманитар көмек беруге дайын, — деді Қытай басшысы.
Си Цзиньпин Қазақстан Президентінің төтенше жағдай кезіндегі көшбасшылық қасиетін жоғары бағалап, ол қабылдаған шешімдерді батыл әрі дер кезінде қабылданған шараларына тоқталды. Си Цзиньпиннің айтуынша, пандемияда мемлекеттік шекара деген болмайды, бүкіл әлемге өте жылдам қарқынмен таралып жатыр. Сондықтан «Адамзаттың тарихи тағдыры бір» деген тұжырымның мәні артып келеді. Бұл тұжырым бойынша барлық мемлекет күллі халықаралық қоғамдастықты өркендету жолында күш-жігерін біріктіруге тиіс.
Індет келеді, кетеді. Ал достық пен ынтымақтастық — мәңгілік құндылық, — деді ҚХР Төрағасы.
Оның пікірінше, Қытай мен Қазақстан барлық саладағы, әсіресе қаржы, индустрия және цифр технологиялары сияқты маңызды бағыттардағы ынтымақтастықты арттыра алады.
Әңгіме соңында Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды сәлемін жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан соң БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррищпен де сөйлесті. Тараптар қазіргі жауапты кезеңде өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.