Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қандай келіссөздер жүргізді?

Қазақстан Президенті қытай көшбасшысымен Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін араға бірнеше ай салып қайта жолыққанына қуанышты екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ықыласын жеткізді.

Біздің кездесуіміз Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Осы сәтті пайдаланып, Сізді және тұтас қытай халқын айтулы датамен құттықтағым келеді. Қытай бұл мерейтойға әлеуметтік-экономикалық және саяси даму тұрғысынан зор жетістікпен жетіп отыр. Осы оқиға Қытай Халық Республикасы үшін ғана емес, күллі әлем үшін тарихи мәнге ие деп ойлаймын. Сіздің мемлекеттің дамуы дүниежүзінің жіті назарында,  — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы 70 жылдық жол қытай үшін өте ауыр болды. Бірақ 1970-жылдардың соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен қолға алынған реформалардың арқасында қытай халқы дамуында орасан зор жетістікке жетті.

Қытайдың табысы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін берік негіз болады деп санаймыз. Бүгін біз Бірлескен мәлімдемеге қол қоямыз. Бұл құжат бойынша Қазақстан мен Қытай ұзақмерзімді, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытуға бейілді екенін көрсетеді. Жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін салмақты құқықтық және саяси база болады, – деді Қазақстан Президенті.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор табысқа қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз. Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл Қазақстан халқының үмітін ақтайды.  Сіздің барлық бастамаңыз осыған бағытталған. Достас Қазақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Си Цзиньпин.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:​

  1. Мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесі;
  2. ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметінің арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  3. ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандум;
  4. ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметінің арасындағы ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
  5. ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын сүт өнімдеріне қойылатын инспекция, карантин және ветеринар-санитар талаптары жөніндегі хаттама;
  7. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын жүн өнімдеріне қойылатын инспекция, карантин және ветеринар-санитар талаптары жөніндегі хаттама;
  8. ҚР Қаржы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы зияткерлік меншік құқығын шекара маңы қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум;
  9. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы Қытай Халық Республикасына Қазақстан Республикасынан экспортталатын зығырға қойылатын;
  10. ҚР мен ҚХР арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық спецификация.