Қызылорда облысында кәсіпкерлерді қолдауға қосымша 300 миллиард теңге бөлінеді

Қызылордада облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Шарада аймақта жүзеге асырылатын жобалар туралы айтылды.

2020-2025 жылдары облыста 550,5 миллиард теңге болатын 21 жоба жүзеге асады. Қазіргі уақытта 4 жоба іске асып келеді, — дейді басқарма басшысы Ринат Сұлтангереев.

Ел аумағында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша шектеу шаралары енгізілгендіктен өңірдегі өндірісті ынталандыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жұмыс істеу көзделіп отыр. Осы орайда отандық кәсіпкерлерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында қосымша 300 миллиард теңге бөлінеді. Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, күнделікті тұтынатын және басқа да сервистік қызмет көрсететін орындардың жұмысына жергілікті кәсіпкерлердің күшін жұмылдыру қолға алынбақ.

Төтенше жағдайға байланысты мұнай-газ, кен орындарындағы өндірістің тоқтауына жол бермеу мақсатында вахта ауысымы арқылы жұмыс істеу мерзімін 28 күнге ұлғайту шаралары қабылданып жатыр. Мұндай шаралар жұмысшы азаматтар арасында вирустың таралуына жол бермеу үшін жүргізіліп жатыр, — дейді Ринат Сұлтангереев.