Райхан Қалиолдина, театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Райхан Қалиолдина. Фото жеке архивінен

Жыл сайын Наурыз мерекесіне орай наурызкөже дайындаймын. Оған міндетті түрде сүрленген ет пен қазы қосамын. Етті бір қайнатқан соң оның сорпасын төгіп, етті таза суға шайып, қайтадан қайнатамын. Негізі бешбармаққа да, наурызкөжеге де қосатын етті осылай екі-үш мәрте суын ауыстырып асамын. Одан бөлек, көжеге бидай, тары, арпа, кеспе, құрт қосамын. Әр дақылды еттің сорпасына жеке-жеке пісіріп аламын. Көжені молынан әзірлеу керек кезде сорпасы азайып қалмауы үшін дәнді дақылды суға пісіруге де болады. Кейін ингредиенттің бәрін бірге бір рет қайнатамын. Дақылдар піскен соң оған кеспені қосамын. Ең соңында құрт саламын. Құрт болмаса, оның орнына қатық қолданамын. Оны сорпа ыстық кезде қосса, көже ашып кетуі мүмкін. Сондықтан сорпа суығанын күткен жөн.

Наурызкөжені көбірек жасауға тырысамын, себебі оны Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы әріптестеріме, өзімнің студенттеріме апарып, дәм татқызамын. Бір қызығы, жыл сайын наурыз мерекесінде мені түрлі бағдарлама қонаққа шақырады. Мысалы, былтыр Gakku арнасының түсіріліміне барып, бүкіл командасы наурызкөжемді ішіп, дән риза болды.

Райхан Қалиолдина наурызкөжесінің құрамы:

  • сүр ет;
  • қазы;
  • су;
  • бидай;
  • тары;
  • арпа;
  • құрт немесе қатық;
  • кеспе;
  • тұз.

Жанар Айжанова, әнші, киноактриса, тележүргізуші:

Жанар Айжанова. Фото жеке архивінен

Наурызкөже менің күнделікті ас мәзіріме кіреді, сонымен бірге бидайкөже де бар. Оны жас немесе сүр еттен жасауға болады. Мен сүр еттен әзірлегенді ұнатамын. Оны қазанға салып, әбден қайнатып, көбігін аламын. Содан кейін бір кесе қарабидай қосамын. Бидайды кез келген базардан сатып алуға болады. Оны еттің сорпасына салмас бұрын таза сумен бір рет шаямын, себебі бидайдың сыртындағы қалдығы түсуі қажет. Ет пен бидай пісейін дегенде үккіштен өткізілген сәбізді қосамын. Сәбіз сорпаны сап-сары етіп, әдемі өң береді. Сонымен бірге көжеге етті, картопты ұсақтап турап салып, араластырамын. Осылайша бидайкөжем тез дайын болады. Бұл бидайкөженің бір жақсысы — тоңазытқышта бір апта бойы дәмі бұзылмай тұра береді. Оны айына бір-екі рет әзірлеймін, себебі отбасымызбен сүйсініп ішеміз.

Наурызкөжеге келетін болсақ, менің көжемде сүр ет, қарабидай, ақ және сары жүгері, тұз, су бар. Жеуге ыңғайлы болуы үшін етті бас бармақтың тырнағындай кішкентай етіп тураймын, қазының қабығын алып тастаймын. Көженің тұзы ащы болса, құрт қоспаймын. Тұщы болса, сорпаға құртты үгітіп немесе сүзбені (қатық) езіп саламын. Қызым Айжұлдыз сүзбе қосылған көжені ұнатпайды. Сондықтан қалаған адам өзі қосып жей алуы үшін кейде оны бөлек ыдысқа салып қоямын. Кейбірі көжеге қамыр, мейіз қосады екен, бірақ мен ондайды ұнатпаймын.

Кезінде Нұх пайғамбарымыздың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда жұрт үйінен бар дәнді дақылын, асын жинаған екен. Біреуі бір уыс бидай, біреуі ет әкеліп, соның бәрінен көже жасаған. Сол қазандағы көже бітпей, молынан жеткен деседі. Наурызкөже солай пайда болған. Меніңше, бұл аңыздың өзі наурызкөженің қандай берекелі ас екенін көрсетіп тұр.

Жыл сайын наурызкөжені үлкен бір қазан етіп жасаймын, себебі 21 наурызда бүкіл туған-туысқанымыз үйімізге жиналады. Әдетте дастарханымда наурызкөжемен бірге бауырсақ, ірімшік, құрт, тосап та болады, бірақ қазір елімізде коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай мен карантин режимі енгізілгендіктен биыл көжені қашықтан таратамыз.

Жанар Айжанова наурызкөжесінің құрамы:

  • сүр ет;
  • қазы;
  • қарабидай;
  • ақ жүгері;
  • сары жүгері;
  • тұз;
  • су;
  • құрт немесе қатық.

Нұргүл Мыңғатова, театр және кино актрисасы:

Нұргүл Мыңғатова
Нұргүл Мыңғатова. Фото жеке архивінен

Наурызкөжені елдің әр өңірінде әртүрлі дайындайтынын байқадым. Мысалы, менің туған өлкем Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары далада үлкен қазанға сүр ет асады. Ет піскен соң оны сорпадан алып, суыған соң турайды. Одан кейін суға бидайды, арпаны пісіреміз. Бәрі дайын болған соң әлгі үлкен қазандағы сорпаға салып, соңында қатық қосамыз. Бұрын біз жақта кеспе салмайтын. Қазір кей адамдар аз мөлшерде кеспе қосады екен.

Қазақстанның батысындағы тұрғындар наурызкөжеге міндетті түрде жеті түрлі өнім қосады деп естідім. Бізде ондай қағида жоқ. Ең бастысы — көженің дәмін келтірсек болғаны.

Мен наурызкөженің құрамында көп дәнді дақыл болғанын ұнатпаймын. Маш, күріш, кеспе қоспаймын. Мен ақталған арпаны сүйіп жеймін. Қатық болмаса, оны айранмен алмастырамын. Наурызда наурызкөжені міндетті түрде әзірлеймін.

Нұргүл Мыңғатова наурызкөжесінің құрамы:

  • сүр ет;
  • су;
  • арпа;
  • тұз;
  • қатық немесе айран.