Қасым-Жомарт Тоқаев: Мұндай кезде ұйымшылдық керек

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан әкімдігінің, денсаулық сақтау, ішкі істер, қорғаныс органдарының және Ұлттық гвардия әскери қызметшілерінің жұмысына оң баға берді. Ол пандемиямен күресуші медицина қызметкерлерінің еңбекақысы мен сыйақысын уақытында әрі толық көлемде беру керек екенін айтты.

Президент Премьер-министр Асқар Маминге әлемдегі аса қолайсыз конъюктура жағдайында экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеуді тапсырды.

Кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға, сонымен бірге экономиканы мобилизациялайтын қадамға да әзір болуымыз керек. Қысқасы, сақадай сай болған жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскерилер, полицейлер мен басқа да ведомство қызметкерлеріне табыс тілеп, карантин енгізудің себебін түсіндірді.

Қазіргі жағдайда карантин енгізбеске болмайды. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Мұндай кезде нақты әрекет пен ұйымшылдық керек. Сондықтан карантин енгізу сияқты тәсілдерді қолдануға тура келді. Азаматтарымыз қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Мұның бәрі халқымыздың денсаулығын сақтау үшін істеліп отыр, — деді Мемлекет басшысы.