Басты бетҚоғамТалдықорғанда айтыскер...

Талдықорғанда айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлымен кездесу өтті

Жетісу өңіріндегі бірқатар қаламгер мен жастардың басын қосқан «Арнадым саған лағыл жыр» атты кездесу кешін Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбе-бап кітапханасы  ұйымдастырды.

Кеш жүргізушісі — Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, ақын Жангелді Немеребаев. «Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында қолға алынған   рухани шараның басты мақсаты — ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау  арқылы өңір мәдениетін дамытуына ықпал ету. Сонымен қатар оқырман мен қаламгер ойының бір арнада тоғысуына жол ашу.

Алматы облысы, Дәулеткерей Кәпұлы
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазақ ауыз әдебиетінің айшықты жанры айтыс аламанында талай мәрте топ жарған Дәулеткерей Кәпұлының жазба поэзияда да өзіндік орны бар. «Сүтті іңір», «Бөрі сырғақ», «Шер толғақ» сияқты кітаптардың авторы. Қаламгер — қазір Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы. «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының және Түркияның Адана қаласында өткен түркітектес халықтардың Қаражолан атындағы сегізінші еларалық поэзия фестивалінің лауреаты. Екі дүркін Мемлекеттік стипендия иегері атанса, Астананың 10, Қазақ хандығының 550, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекелік медальдарымен және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамынының «Жоғарғы дәрежелі Қазақ тілі» медалімен марапатталған. Моңғолия Демократиялық партиясының «Азаттық» орденінің иегері, Халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі.

Кездесуге келген жұрт алдында сөз алған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев кеш иесін келген қадамымен  құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар ақынның иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Осыдан соң  жетісулық әншілер ақының құрметіне әннен шашу шашса, ақын-жазушылар  кеш иесінің жалпы шығармашылығы, айтыс аламанындағы ерекше дарыны туралы әңгіме өрбітті.

Ақын жиналған қауымға өзінің отты жырларын оқып, айтыс және поэзия жайында жастардың қойған түрлі сауалдарына жауап берді. Сонымен бірге кешке қатысқан шаһардағы Дәнеш Рақышев атындағы мектеп-интернатының және Талдықорғандағы № 25 мектептің оқушысы өзара сөз сайыстырып,  көрерменге қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті.