Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар топтамасы саланы қаржыландыруды, кепілдік беруді, салық бойынша ынталандыруды, бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыс орындарын ашуды қамтиды.
1 триллион теңгеге дейін несие беру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша басым тауарлар тізімі кеңейтіледі, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі ұлғайтылады және салалық шектеулер алып тасталады, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі жеңілдетіледі.
Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылады, бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады, 3 тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылады. Жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салықтан босатылады.
Отандық бизнес қосымша қаржы жүктемесінсіз бірегейлендірілген шарттармен (6%) жұмыс істеп тұрған мемлекеттік бағдарламалардың («Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», ИИДМБ-2025, «Қарапайым заттар экономикасы» және тағы басқа) қолдаудың жеңілдікті шараларын пайдалана алады.
Ауыл шаруашылығы саласында несиелендірудің жаңа тетігі енгізіледі, ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын агроөнеркәсіп кешені биологиялық активтерінің импорты қосымша құн салығынан, 7 мыңға жуық шаруа ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салық төлеуден босатылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдайды. Бұл шаралар ең әуелі қазіргі жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпкерлер мен азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, — деді Аcқар Мамин.
Жаңа жұмыс орындарына Қазақстан азаматтары тартылады, инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді қарастыратын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 миллиард теңге бөлінеді.
Төтенше жағдай режимі кезінде қарыз төлемінің мерзімін өткізіп алған бизнес өкілдеріне айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.
Банктер қаржы жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзімін ұзартуға мүмкіндік беруі керек, — деді Аcқар Мамин.
Үкімет басшысы 3 күн мерзімде салалық мемлекеттік бағдарламаларға кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа формаларын енгізу бойынша қаулы жобаларын дайындауды тапсырды.
Мемлекет басшысының жарлықтарын іске асыру үшін біз салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемелерін белгілеудің ерекше тәртібін анықтау, бюджетті қалыптастыру мен орындау, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау бойынша көп шешім қабылдаймыз. Жалпы, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдаудың жаңа шаралары 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады, — Үкімет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойған еді.