Басты бетЭкономикаҰлттық банк...

Ұлттық банк қаржы нарығындағы ахуалға қатысты мәлімдеме жасады

«Сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік және COVID-19 коронавирусының, сауда соғыстарының таралуына, геосаяси шиеленістің өсуіне байланысты іске асырылған тәуекелдер жағдайында халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша әлемдік экономика айтарлықтай және ұзақ уақытқа баяулайды. 2020 жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 2008 жылғы әлемдік дағдарыс уақытынан бастап нашар көрсеткішке жеткізуі мүмкін.

Алдыңғы аптаның басынан бастап әлемдік тауар және қаржы нарығында айтарлықтай құбылмалылық байқалып отыр. Мұнай бағасының серпіні ОПЕК+ келісіміне қатысушылар арасындағы уағдаластықтың болмауына және Ресей мен Сауд Арабиясы арасында өріс алған баға соғысына байланысты оқиғалардың ықпалында болды. 2020 жылғы 9 наурыздан бастап Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 31-36,5 доллар деңгейінде бекітілді. 2020 жылғы 16 наурызда таңертең мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 32,88 доллар болды.

Инвесторлар арасындағы теріс болжамдар нәтижесінде әлемдік қор нарығындағы индекстер кейінгі 30 жылда ең көп төмендеуді көрсетті. Өткен аптада АҚШ Федерал резерв жүйесі қысқамерзімді өтімділікті 1,5 триллион долларға беруді және кеше кезектен тыс тәртіппен негізгі процент мөлшерлемесін 0-ден 0,25%-ке дейін төмендетіп, экономиканы қолдау және мүмкін құлдырау салдарын азайту үшін жалпы сомасы 700 миллиард доллар болатын сандық жұмсарту бағдарламасын жариялады. Дамушы елдер мен мұнайды экспорттаушы елдер валюталарының әлсіреуі байқалды.

Осы жағдайларда Ұлттық банк баға тұрақтылығын ұстап тұру мақсатында 2020 жылғы 10-13 наурыз аралығында бірқатар шұғыл және алдын алу шарасын қабылдады. 2020 жылғы 10 наурызда базалық мөлшерлеменің 12%-ке дейін артуы нарықта үрейдің таралуына алдын ала әсер етті және нарық агенттерінің стратегиясына дер кезінде түзетулер енгізді, бұл пайда болған инфляциялық тәуекелдерді шектеуге және теңгедегі активтердің құнын қорғауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге процент дәлізін 1,5 процент пунктіне дейін кеңейту банктердің Ұлттық банктен теңгемен қарыз алу құнын 13,5%-ке дейін ұлғайта отырып, нарыққа қатысушылар тарапынан айырбастау бағамына алыпсатарлық қысым көрсету мүмкіндігін шектеуге бағытталды. Ақша нарығындағы мөлшерлемелер процент мөлшерлемелерінің жаңартылған дәлізінің жоғарғы шегіне жақындап, 13,48%-ке жетті. Ұлттық банк банктерге көлемі шектеусіз өтімділік беру бойынша операцияларды күн сайынғы негізде жүргізеді.

Сауданың сыртқы талаптарының күрт өзгеруі және шетел валютасы ұсынысының тапшылығы талаптарында валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк жекелеген кезеңдерде жалғыз сатушы бола отырып, валюталық өктемдіктер (интервенция) жүргізді. Атап айтқанда, 2020 жылғы 10 наурызда бағамның негізсіз құбылмалылығын болдырмау үшін валюталық сауда-саттықта Франкфурт аукцион әдісі іске қосылды. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейдегі банктердің және айырбастау пункттерінің валюталық операцияларын үйлестірді және мониторинг жүргізді. Бұл өзгерген сыртқы жағдайлардың теңгенің айырбастау бағамына теріс әсерін төмендетуге мүмкіндік берді, ол 2020 жылғы 6-13 наурыз аралығында бір доллар үшін 405,62 теңгеге дейін 6,1%-ке төмендеді.

Ұлттық банк жаһандық экономиканың даму перспективаларының айтарлықтай нашарлауын, сұраныстың төмендеуін және әлемдік тауар нарығында құбылмалылықтың күшеюін жаңа экономикалық шынайылық ретінде қарастырады. Қалыптасқан жағдайды талдау негізінде Ұлттық банк Brent маркалы мұнай бағасының бір баррель үшін 60 доллардан 35 долларға дейінгі бұдан былайғы серпіні туралы пайымдауын қайта қарады. Бағаның жаңа деңгейі болжам кезеңінің соңына дейін базалық сценарий ретінде қарастырылады. Дамудың сценарий нұсқасының нашарлауы инфляцияның 2020 жылы нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне шығу қаупін арттырды.

Қазіргі сәттен бастап жаңа іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр. Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет болған жағдайда сыртқы сектор тарапынан теріс салдарларды тежеу үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал. Ұлттық банк жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыруда және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін және қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайларда бағам ауытқуларын реттеу құқығын өзіне қалдырады. Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұрақтылығын, елдің валюта нарығындағы және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін қосымша шаралар қабылдануы мүмкін«, — делінген Ұлттық банктің мәлімдемесінде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 27 сәуірде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15.00-де жарияланады.