Коронавирус қаупіне байланысты Қызылордада сақтық шаралары күшейді

118 мемлекетте анықталған коронавирус инфекциясы біздің елімізде тіркелген жоқ. Дей тұрғанмен құзырлы орган өкілдері қатаң түрде сақтық шараларын қолданып, қоғамдық шараларға бірқатар шектеулер қойылғанын жеткізді. Брифингте тарқатылған басты мәселе де — коронавирус жұқпасының алдын алу, сақтық шараларын жүргізу.

Енді ертеңнен бастап жалпы жиналыстар, бұқаралық шаралар шектеледі. Мұндай маңызды шараларды әлбетте шектеу керек. Ұлттық наурыз мерекесі де жалпыхалықтық сипатта тойланбайды. Мұндай мейрам отбасында, ағайын-туыстың ғана арасында тойланса, отбасылық құндылықтарымызды одан әрі дамытуға зор мүмкіндік береді. Бұл — елді біріктіріп, ынтымағын арттырып, ұлтты ұйыстыратын мереке. Дегенмен халықтың денсаулығын ойлауымыз керек. Сол себепті бұл мереке биыл кең көлемде тойланбайды. Әлемде медицинасы жақсы дамыған елдердің өзі бұл вирустың алдында қауқарын көрсете алмай келеді. Оларға барлық тараптан шектеу қойылған, — деді аймақ басшысының орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Мектеп оқушылары көктемгі демалысқа ертерек шығады. 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында оқушыларға каникул жарияланды. ЖОО, колледж студенттеріне қашықтықтан білім беру жүйесі арқылы онлайн дәріс жүргізіледі.

Аймақтағы білім беру ошақтары, колледждер SMART NATION бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған. Осы жүйе арқылы ұстаздар мен білім алушылар арасында байланыс орнатуға толық мүмкіндіктер қарастырылған. Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау емтихандары да тоқтатылады. Аудандардағы орта арнаулы оқу орындары да осы жүйеге қосылған. Мектеп мұғалімдері штаб тұрғысында жұмыс істей береді, — деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов.

Енді тек Наурыз мерекесі емес, адам көп шоғырланатын іс-шаралардың бәріне тыйым салынды. Бұл да — коронавирустың алдын алу шарасы. Мәдени ошақтардағы спектакль, концерттік кештер де кейінге шегеріледі.

Алдын ала билеті сатылып қойған концерттік бағдарламалар кейінге шегеріледі. Ал театрдағы қойылымдар әзірге көрсетілмейді. Бірақ артистер репертуарларына дайындықтарын жүргізе береді. Ал гастрольдік сапарларға шығуға әзірге тыйым салынды, — деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Той немесе туған кештерін өткізуге тыйым жоқ. Аймақ басшысының орынбасары әрбір адам өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезіну керек екенін жеткізді.

Індет таралғалы бері аймақта 54 адам күдікті танылып, оның 22-сі бақылауға алынды.

Аймақ медицинасы жұқпаға қарсы сақтық шараларына тас-түйін дайын. Қазіргі таңда облысымыз 43 миллион теңгенің көлеміндегі медициналық құрал-жабдықтарымен қамтылды. Препараттар қоры да жеткілікті. Бұл дерттің емі әлдеқашан табылған. Сондықтан ем-домға қажет құралдар да толығымен жеткізілді, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов.

Бүгінгі таңда аймақта коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда қарым-қатынаста болған тұрғындарды бақылап-қадағалау мақсатында обсервациялық стационарлар ашылды. Шиелі ауданаралық ауруханасы, облыстық фтизиологиялық орталығының Тереңөзек бөлімшесі, Қармақшы аудандық аурухзанасы, Қазалы аудандық ауруханасында 400 төсек орындық провизорлық стационарлар ашылды.

Көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе — қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатпайды. Бірақ уақытылы санитарлық-тазалық жұмыстарының жүргізілуі қадағаланады. Ал әуе рейстері бойынша 30 наурызда Қызылордадан Мәскеуге қатынайтын ұшақ рейсі 1 маусымға шегерілді. Бұған қоса өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды сақтау үшін спорттық шаралар толығымен тоқтатылды. Бұла шектеулі шаралар сәуір айына дейін жалғасады.

Әсия Нұрлыбаева