«Сабина келін» фильміндегі басты кейіпкер Сабина — Алматының бай отбасынан шыққан қызы. Оның арманы — Джонни есімді араб шейхына тұрмысқа шығып, Дубайда өмір сүру. Бір күні Сабинаның өмірі күрт өзгеріп, ол Жүгері ауылына келін болып түседі. Оның ендігі арманы — ауылдан қашу.
Оразай Қыдырбаев:
Бұл картинаны көпшілік көңіл көтеруге арналған фильм санап, зорлық-зомбылық мәдениеті (Rape Culture) насихатталып жатқанын байқамауы мүмкін. Қыз алып қашу — адам ұрлығы, ауыр қылмыс. Фильмде қыз алып қашу жақсылықпен аяқталады. Бұл қылмыс әзілге айналып, мәселенің салмағы жоғалады да, ол қалыпты немесе дұрыс нәрсе ретінде көрсетіледі. Өзін алып қашып, бас бостандығын шектеген адамдарды Сабинаның жақсы көруін «Стокгольм синдромы» арқылы түсіндіруге болатын шығар. «Стокгольм синдромы» — құрбандықтың зорлықшыны ұнатып қалып, оны қорғауға тырысатын әрекеті.
«30-да күйеуге шығу» — 30 жасқа толып, жұрттың «Қашан тұрмысқа шығасың?» деген сұрағына жауап беруден шаршаған Анель туралы фильм. Ол депрессияға түсіп, туған күнінде саябақта көп дәрі ішіп, есінен танып қалады. Басты кейіпкер арманындағы жігітті дәл сол уақытта кездестіреді.
Оразай Қыдырбаев:
Тұрмыс құру үшін Анель бөтен адам образына еніп, өтірік айтудан тайынбайды. Біздің қоғамда сәл «отырып» қалған қыздың бәрі бақытсыз саналып жатады. Бір жағынан, туынды тұрмыс құрмаған қызға айналадағы жандардың негатив көзқарасын көрсетіп, қоғамдағы маңызды проблемаға назар аудартады. Екінші жағынан, 30-ға келген қыздың бар арман-тілегі тұрмысқа шығу деген стереотип ой бар.
Әсел Сәдуақасова кейінгі жылдары бірнеше танымал фильмге продюсер болды. Соның бірі — «Келін де адам баласы». Фильм қарашаңырақта тұратын Айжан есімді келіннің өмірін баяндайды. Келін мен ене арасы әбден нашарлап, енесінің кесірінен Айжан күйеуімен ажырасуға шешім қабылдайды, бірақ күндердің бір күнінде ғайыптан ене мен келіннің жаны ауысып кетеді.
Оразай Қыдырбаев:
Картинада әйел үйде отырып, еріне қызмет ететін адам ретінде ұсынылыпты. Соңында «жастар өміріне араласпайық» деген шешімге келуін келінге құрмет деп түсіндім. Өзіме осы тұсы ұнады. Біздің қоғамда жігіт ата-ана разылығы үшін әйел құқығын оп-оңай таптап жатады. «Келін де адам баласы» осы мәселені көрсете білді деп ойлаймын, бірақ ол ене болсын, келін болсын, үй шаруасындағы әйелдің проблемасын аша алмапты. Керісінше, «ене немесе күйеу озбыр біреуге айналса, әйел кінәлі» дегенді насихаттағандай көрінді.
Тимур ірі жарнама агенттігінде жұмыс істейді. Оның Әлия есімді әріптесі бар. Жақында Әлияға жігіті Самат үйленуге ұсыныс жасады. Енді күйеу жігіт қалыңдықтың отбасымен танысуға баруы керек, бірақ Самат бастығының туған күніне қатысатын болып, Әлия Тимурды 5 күнге күйеу жігіт ретінде ойнап беруге көндіреді.
Оразай Қыдырбаев:
Жоғарыдағы фильмдердің бәрі YouTube желісінде кемі 1 миллион рет қаралған. Сондықтан фильм авторлары аудитория алдындағы жауапкершілікті түсінуі керек. Туынды арқылы не ойды, қандай көзқарасты насихаттап жатқанын білуі қажет. Кейінгі жылдары шыққан комедияларда әйел образы тек отбасымен байланыстырылады. Әйел — қалыңдық, әйел — келін, әйел — ана. Фильмдерге қарасақ, қыздың бар ойлайтыны — тезірек жігіт тауып, тұрмысқа шығып кету. Бұл тізімге «Мен күйеумін!» комедиясын да жатқызамыз.
«Ағасы бардың…», «Ағасы бардың… 2» фильмдеріне актриса Құралай Анарбекова продюсер болды. Картинаның басты кейіпкері Гауһардың бес ағасы бар. Олар қарындасын қатты жақсы көретіні сонша, оған Айдарға тұрмысқа шығуға мүкіндік бермейді. Айдар қалыңдыққа қол жеткізу үшін түрлі сынақтан өтеді. Ал соңында Гауһарға я бауырларын, я некені таңдауға тура келеді.
Оразай Қыдырбаев:
«Ағасы бардың…» фильмінде алдыңғы тізімдегі комедиялардағыдай ғылыммен айналысатын әйел кейіпкер жоқ. Есесіне еркек адамға да, әйел адамға да таңылатын гетеронорматив жетіп артылады. Отбасы консерватив ұғымда көрсетілген. Отбасы әйел-күйеуден немесе ата-енеден ғана құралмайды. Жалғыз адам да өзін толық отбасы сезінуі мүмкін. Гетеронорматив деп отырғаным — осы. Картина патриархал қоғамның әйелге ғана емес, ер адамдарға да стандарт қоятынын жақсы көрсетіпті. Мысалы, «еркек адам батыл, күшті, адал, білімді, табыскер болуға тиіс, бұл стандартқа сай келмейтін адам күйеу бала болуға лайық емес» деген ой айтылады.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)