Аида Тұрғазы, психолог:
Жыныстық бопсалау ер адамдардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Мұндай іс-әрекетке баратын еркектер — «әйелдер бәріне рұқсат етуі керек, өзіне көңіл бөлген еркекке алғыс айтуы қажет» деген көзқарастағы адамдар. Ондай кісілерде әйел жеке тұлға екені, оған ол нәрсе ұнамауы мүмкін екені және біреудің жеке шекарасына кірмеу керек екені туралы түсінік қалыптаспаған. Қазақ қоғамында «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген сөз бар. Өкініштісі — бопсалаушылар өзін осындай сөзбен ақтап алуға тырысады. Көбіне қыз бала «өзі ашық киінді» деген сылтауды айтады. Бірақ мәселе оның киімінде емес, бопсалаушының тәрбиесіздігінде екенін ұмытпауымыз керек. Өзін әйелден жоғары санайтын, әйелге кез келген нәрсені істей аламын дейтін еркек онысын әйел ашық киінбесе де, істер еді. Мәселе оның түсінігінде.
Қоғамда мұндай жағдайды бастан өткеріп жатқан әйел көп, бірақ жұрт өзіне осылай кінә артар деп қорқады, ол оқиғаны ұмытуға тырысады. Ең қорқыныштысы — олар болған жағдайға бопсалаушы емес, өзі кінәлі екеніне сене бастайды. Мысалы, маған жыныстық бопсалауға, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер көмек сұрап келеді. Байқағаным — алғашқы сеанстарда әйелдер арасында проблемасын ашық айта алмайтындар болады. Психодиагностика арқылы мәселенің түбіне жетуге тырысамыз. Ашық айтпауының тағы бір себебі — Қазақстанда әйелдерге жыныстық бопсалау көргенін дәлелдеу, ол адамды жауапқа тарту қиын. Бұл мәселе бойынша жүргізілген істердің көбі нәтижесіз қалып жатқанын жаңалықтардан естиміз. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу кезінде бопсалаушыға қарағанда жәбірленушіге көбірек қысым жасалады.
Жыныстық бопсалау жәбірленушінің психикасына кері әсер етеді. Ондай қорлық көрген әйел күйзеліске ұшырайды, депрессияға түседі, өз-өзіне сенімсіз болады. Зорлыққа ұшыраған қыз өзін төмен бағалай бастайды. Оқуда, жұмыста үлгерімі нашарлап, өмірден түңіліп кетеді. Оның үстіне, басқаларға деген ыза-кегі пайда болып, жүйкесі тозуы мүмкін. Харассмент құрбандарының кейбірі ұзақ уақыт бойы ішіндегі уайымын жеңе алмай, социофобқа айналады. Олардың қоғамға қайта сіңісіп өмір сүруі үшін көп жыл қажет.
Біздің қоғамда жыныстық сауат, секс, адамның жеке өмірі, таңдауы, адамның құқықтары жөнінде түсіндіру жұмысы шартты түрде ғана жүргізіледі. Күнделікті өмірде, үйде, бала тәрбиесінде мұндай өзекті мәселелер айтылмайды. Мұның бәрі — «Бізде секс болмаған» деген идеологияның нәтижесі. Бәріміз бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін барлығымыздың құқығымыз тең. Ешкімнің біреудің құқығын таптауға хақысы жоқ, сол себепті отбасында, мектептерде, университеттерде баланың, жастардың жыныстық сауаты арттырылуы қажет. Сонымен қатар жыныстық бопсалау заң бойынша ауыр қылмыс қатарына жатқызылып, қатаң жаза қолданылуы керек.
Дина Смайылова, «Не молчи.KZ» қоғамдық қорының басшысы:
Біздің қоғам жыныстық бопсалау туралы ашық айтудан қорқады, ұялады. Мысалы, қыста әнші Данеляның оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде басқа әнші қыздар да осындай нәрсені бастан өткергенін жазды, бірақ кейбіреулер оны адамдардың атақ жинау үшін жасап жатқан жарнамасы, хайп деп қабылдады. Жоқ, бұл хайп емес. Меніңше, бұл — осындай қорлық көріп жүрген басқа әйелдерге қолдау көрсету. Мен, керісінше, ол кісілерге алғыс айтқым келеді, себебі біз бұл мәселені ашық айтып, онымен күресуіміз қажет. Әншілердің өз аудиториясы бар, олардың сөзі қоғамға жетеді деп ойлаймын. Осы оқиғадан кейін парламенттегілер еліміздегі харассмент проблемасын бейжай қалдырмауға тиіс. Әлеуметтік желідегі парақшамда жыныстық бопсалауға байланысты заңды реттейтін Нұржан Айтаевты белгілеп, мәселеге назар аударуды сұрадым. Қазақстанда жыныстық бопсалаушыларға қатаң жаза қолданылатын болса, мұндай жағдайлар азаяр еді. Қазір елімізде әйелдер қауымы қорғансыз күйде. Мысалы, Данеляда оған жігіттердің қалай тиісіп жатқаны түсірілген видео бар. Негізі ол харассмент құрбаны болғанын дәлелдей алады, бірақ, өкінішке қарай, оларды жауапқа тарта алмайды. Ол жігіттер ары кеткенде бұзақылығы үшін 5 АЕК айыппұл төлеп, жазадан құтылады. Бұл — заңның әлсіздігі.
Дамыған мемлекеттердің көбінде харассмент қылмыс саналып, заңмен қудаланады. Мысалы, Тәжікстанның заңын алып қарайық. Тәжікстан — патриархал мемлекеттердің бірі, бірақ Душанбе басшысы көшеде, сыртта қыздардың интим жерлерін ұстауға, тиісуге тыйым салу туралы ереже бекітті. Қаланың ішіне 300-ден астам видеобақылау орнатты. Камераларға ерлердің әйелдерге тиісіп жатқаны түсіп қалса, заң бойынша ол бұзақыға айыппұл салынады, сотталады және оның бопсалап жатқан видеосы, толық-аты жөні жария етіледі.
Харассмент Қазақстанның қылмыс заңнамасына да енгізіліп, қатаң жаза белгіленуі керек, себебі бұл — ең әуелі адам құқығы.
Nazima, әнші:
Бірде отбасыммен Шымкент — Астана бағыты бойынша пойызбен жолға шықтық. Ол кезде мен 16 жастамын. Таңертең 06.00-де тұрып, беті-қолымды жууға дәретханаға бардым. Дәретханадан шыққанымда жолсерік алдымнан шықты. Менен түрлі нәрсе сұрай бастады. Жүзі жылы, тәрбиелі адам болып көрінген соң артық ештеңе ойламай, амандастым. Содан кейін өзім орналасқан купеге қарай өтпекші болдым, бірақ ол менің жолымды бөгеп, шашымнан иіскей бастайды. Сол кезде ғана ол кісінің пиғылын түсіндім, тіпті мені ұрғысы немесе итергісі келгенін байқадым да, бірден оның екі аяғының ортасынан теуіп жіберіп, купеге қарай қашып кеттім. Қорыққаным соншалық, жүрегім аузыма тығылды, бірақ неге екенін білмеймін, болған жағдайды әкеме айтпадым және сол үшін әлі өкінемін. Біраз уақыттан соң бағанағы жолсерік біздің купеге кіріп, төсек-орынды жинастырды. Ата-анама ештеңе болмағандай күліп қарағанына таңғалдым. Үйге жеткен соң болған оқиғаны әпкеме айтып бердім, себебі ішімде сақтай алмадым. Анама осы жылы ғана айтуға батылым жетті. Сіздер «ештеңе болмады ғой, бастысы сені ешкім зорламады ғой» деп ойлайтын шығарсыздар, бірақ 16 жасымда бұл оқиға менің психикама ауыр соққы болды. Менің жан дүнием зорланды. Қазір пойызға жалғыз мінуден қорқамын, жанымда міндетті түрде командам жүреді.
Айтарым, қыздар секс бопсалауға ұшырасаңыздар, ол нәрсені жасырып қалмаңыздар. Бұл нәрсеге төтеп беру қажет, адамдарды шақырыңыз, айқайлаңыз, бірақ үндемей қалмаңыз. Мен үнемі ата-анадан балаларды мектептен алып кетуді сұраймын, себебі қоғамдық көліктің өзі қауіпті. Осындай оңбаған адамдар ойына келгенін еркін істеп жүре берсе, балаларымыздың болашағы қандай болмақ? Мен сол үшін алаңдаймын. Құрметті ер азаматтар, әр әйел — біреудің қызы, анасы, әпкесі, сол себепті оларға сыйластықпен қарауды сұраймын.