Қандай мамандық бойынша білім алғандар мемлекеттік грантты өтеуге тиіс?

ҚР «Білім туралы» заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, 2008 жылдан бері педагогика және медицина, 2012 жылдан бастап ветеринария және 2019 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша ауыл квотасымен білім алғандар оқуды бітірген соң ауылда кемі 3 жыл жұмыс істеуге міндетті. Студенттер оқу бітірген соң ауылдағы мемлекеттік білім беру мекемелерінде, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган бөлімшелерінде, мемлекеттік ветеринария ұйымдарында және ауыл шаруашылығы ұйымдарында (меншік нысанына қарамастан) жұмыс істеуі қажет.

2012 жылдан бастап педагогика және медицина мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқығандардың бәрі білім грантын өтеуге міндеттелді. Олар жоғары оқу орнын бітірген соң мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында кемі 3 жыл жұмыс істеуге тиіс. 2017 жылдан бастап басқа мамандықтар бойынша мемлекеттік грантпен оқыған азаматтар Үкімет бекіткен тәртіппен өз мамандығы саласында кемі 3 жыл жұмыс істеуге тиіс.

Мемлекеттік грантты 3 жыл жұмыспен өтеу келісімшарты жоғары оқу орны мен талапкер арасында жыл сайын 25 тамызға дейін жасалады. Келісімшартта білім алушының және жоғары оқу орнының оқу процесіндегі басқа да міндеті мен құқығы жазылады.

Мемлекеттік білім гранты қалай өтеледі?

Жас маман оқу бітірген соң жоғары оқу орындарында және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органда жас мамандарды жұмысқа дербес бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады. Комиссия жыл сайын жергілікті атқарушы органдарға оқу бітірген азаматтардың санын, мекенжайын, алған мамандығы мен оны қай тілде оқығанын көрсете отырып, жас мамандарды жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындарын ұсынуға өтініш жолдайды. Жергілікті атқарушы органдар түлек туралы ақпарат алған соң ұсынылған өтініш бойынша ұйымдарға кадрға сұраныс туралы ақпарат береді. Комиссия жергілікті атқарушы органдар берген ақпаратқа қарай жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында бос орынның сақталуы туралы кепілдік беретін жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасайды.

Жыл сайын жоғары оқу орны жас мамандарды жұмысқа бөлу туралы ақпарат пен оны растайтын материалдарды білім беру саласындағы уәкілетті орган операторына жібереді. Жоғары оқу орны мұны жұмысқа бөлу туралы шешім қабылданған уақыттан бастап 15 күн ішінде орындауы керек. Бұл ақпарат пен материалдар 15 тамыздан кешіктірілмей жіберілуі керек. Білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы — Қаржы орталығы. Оқу бітірген жас маман жұмыс орнына 1 қыркүйектен кешікпей баруы керек.

Жұмысқа бөлу кезінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда комиссия жас маманды грантты жұмыспен өтеу мерзімінде оның жұмыссыз ретінде есепте болған уақытын ескере отырып, тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталығы, Egov.kz порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жібереді.

Оқу шығынын қайтарушыларға жеңілдік бола ма?

Жас маман оқу бітірген соң бір жылдан кейін оған оқу шығынын және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу талабы бойынша азаматтық істі қарау туралы сот хабарламасы барады. Маманның грантты жұмыспен өтемей жүргені анықталғанда одан оқу шығыны оқу бітірген жылы өндіріледі. Жас маман оқу шығынын оператор шотына аударуға тиіс. Бюджет қаражатын бөліп төлеу арқылы қайтару сияқты ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Жыл сайын бір студентті оқытуға жұмсалатын орташа шығынды Үкімет бекітеді. Бір студентті ұлттық жоғары оқу орнында оқытудың орташа шығыны — 635 800 теңге, басқа оқу орнында оқытудың орташа шығыны — 345 900 теңге.

Мемлекеттік грантты қандай жағдайда өтемеуге болады?

«Білім туралы» заңының 47-бабы, 17-2-тармағы бойынша мемлекеттік грантты жұмыспен өтеуден мына топтағы азаматтар босатылады:

  • жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайдағы адамдар;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  • одан әрі оқу үшін магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар;
  • жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баласы (балалары) бар және 3 жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан адамдар.

Жас маманның білім алуына бөлінген қаржыны мемлекетке қайтару мынадай жағдайда тоқтатылады:

  • грант жұмыспен өтелген жағдайда;
  • білім алушының қайтыс болғаны тиісті құжатпен расталған кезде;
  • грантты жұмыспен өтеу кезінде жас маманның I, II топтағы мүгедектігі бар екені анықталған жағдайда;
  • жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылуына байланысты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік грантпен оқып, оны жұмыспен өтемегендердің саны — 8 791 адам. Оқуға қатысты бюджет шығынын қайтарғандардың саны — 497 адам.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)