Шетелге оқуға түсу үшін ол ҰБТ-ны қаңтар айында тапсырып, 133 балл жинаған. Қазір Мағжанды шетелдің бірнеше университеті сол жақта білім алуға шақырып отыр. Оның ішінде, 200 жылдық тарихы бар атақты Гонконг университеті де бар. Біз Мағжанға жолығып, әлемнің үздік оқу орындарына қалай түсуге болады, қай сыныптан бастап дайындалған жөн, ағылшын тілін жетік меңгерудің жолдары қандай деген сұрақтар төңірегінде әңгімелестік. 

—  Оқуға құштар екенсің, оған әсер еткен кім?

— Оқуға ден қоюыма ата-анамның үмітін ақтасам екен деген арманым әсер етті. Барлық ата-ана баласына «адам бол» деген сөзді айтады ғой. Менің әкем де маған ол сөзді айтып қана қойған жоқ, мен үшін біраз қаражат жұмсады. Соны қайтарғым келеді. Бұдан кейін оларға салмақ салғым келмейді. Ес білгелі шетелде оқығым келетін. Алғашында әкем қарсы болды. Үйдің үлкенімін, менен кейінгі қарындасым менен 7 жас кіші болған соң шетелге қалай жіберемін деп ойлаған шығар, әйтеуір, менің шетелде білім алуыма қарсы еді.

Арада біраз уақыт өткен соң әкем өзі шетелге, тіпті, мен армандап жүрген Гонконг университетіне барып келді. Студенттермен кездесті, университеттерді аралады. Гонконгтағы адамның дамуына, жан-жақты жетілуіне жасалған мүмкіндіктер мен ондағы адамдардың өз ісіне, жұмысына деген жауапкершілігін көрді. Бұл сапардан соң әкемнің көзқарасы түбегейлі өзгеріп, «Балам, сенің Гонконгқа түсуің керек!» — деп талап қойды. Әрі керек қаражатты тауып, қолдау көрсетті.

—  Англия, Америка, Жапония емес, неге Гонконгты таңдадың?

─ Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекетіне барғанмын, Бразилияға да табаным тиді. Ол елдерге барғанда ең бірінші «мұндағылар маған қаншалықты білім бере алады» деген сұрақтың жауабын іздедім. Көңілімнен шыққаны — Гонконг қана. Негізі банк саласында білім алғым келеді, өйткені ірі қаржы орталығында жұмыс істесем бе деймін. Азиядағы ең ірі орталықтың бірі Гонконгта, екіншісі Сингапурде. Бұл орталықтарға көбіне Гонконгты бітірген студенттерді алады. Құдай бұйырып, оқуды бітірген соң алдымен осы екі орталықтың бірінде жұмыс істеп, тәжірибе жинасам деймін. Еліміздің экономикасы үшін қаржы саласының мамандары аса қажет.

— Естуімше, сені шетелдік университеттердің бірнешеуі шақырған көрінеді. Алайда барлығынан бас тартыпсың. Оның себебі жалғыз қаржы орталығына байланысты ма?

—  Шетелде оқу арман болған соң түрлі сынақтан өтесің, емтихан тапсырасың. Шақырту алған университеттердің барлығының деңгейі жоғары. Білім сапасына, профессор құрамының мықтылығына, оқытушылардың кәсібилігіне, ЖОО-ның материалдық-техникалық базалық қуатына ешқандай шүбә келтірмеймін. Шетелдік университеттерден шақырту алу — үлкен жетістік.  Дегенмен  200 жылдай тарихы бар Гонконг университетін таңдадым. Гонконг Англияның колониясы болып тұрған кезде негізі қаланған университет екен. Quacquarelli Symonds журналының жасаған рейтінгісі бойынша әлемнің 23-университеті саналады. Мен таңдаған BBA Bachelor of Business Administration (Information system) мамандығы  әлем бойынша 7-орында. Бұл мамандыққа бүкіл әлем бойынша жылына 20 студент қана қабылданады. Бұл университетке Қазақстаннан 13-ақ студент қабылданған. Соның бірі болғаныма қуаныштымын. Ең алдымен, бұл — әке-шешемнің үміті, бағыт-бағдар берген Алматы «БИЛ» ұстаздарының, NOVA EDUCATION білім беру орталығы мамандарының еңбегі. Бұл ЖОО-ны бітірген студенттер еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Алпауыт компанияларда жұмыс істейді. Бұл университетпен танысқанымда мен олардан қандай студент керек екенін сұрадым. Ақылды, кез келген қиын есепті шығаратын балалар бізде де бар дейді. Ал оларға өмірге бейім, құзыретті балалар керек екен. Бүгінде Гонконг Қытайға білімді адамдарды «экспорттайды». Министрлер мен қаржы саласының мамандары Гонконгтан шығады десем, қателеспейпін.

Мағжан Құрманжан
Мағжан Құрманжан. Фото жеке архивінен

— Шетелге оқуға түсу үшін не істеу керек, қалай қамданған жөн?

— Өз басым 9-сыныптан бастап осы ойға бекідім. Таңертең жұмысқа бару үшін күліп оянатын, қуана баратын жұмысты, жақсы көретін мамандықты іздей бастадым. Басында мұнай саласында оқығым келді. Әкем ақыл-кеңесін беріп, мұнай саласының жай-жапсарымен таныстырды.  Кейінірек табиғатыма құжаттармен, қаражатпен жұмыс істеу жақын екенін түсіндім. Мен үшін істеген жұмысыңнан ләззат алу маңызды. Лицейде менен де мықты оқушылар бар. Олар — түрлі олимпиада жеңімпаздары. Қандай оқуға тапсыратынын 11-сыныптың басында ойлана бастады. Шетел университетінің грантын иелену үшін тым кеш. Мәселен, мен 9-сыныптың соңына қарай ағылшын тілінен емтихан (IELTS) тапсырдым. Ағылшын тілі — әмбебап тіл. Дүниенің қай бұрышына барсаң да, ағылшын тілі қажет.  Мен грант ұтып алған Гонконг университетінде де сабақ ағылшын тілінде өтеді. Әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істеу үшін ағылшын тілін адвансед (advanced) деңгейінде білу керек. SAT (Scholastic Aptitude Test) емтиханын да 10-сыныпта тапсырып, 1600-ден 1540 ұпай алдым. Сол себепті де ҰБТ-ны қаңтар айында тапсыруға тура келді.

— 9-сыныпта ағылшын тілінен емтихан (IELTS) тапсырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіпсің. Қатарластарыңа қандай кеңес берер едің?

— Қазіргі уақытта ағылшын тілін үйрену үшін мүмкіндік көп, материал, ресурс өте көп. Тіл үйренудің түрлі әдістемесінің ішінде «адасып кетуге» болады. Ең бастысы, дұрыс ақпаратты (білім) таңдап алу керек. Ағылшын тілін оқуды 5 жасымнан бастадым. Тіл үйренудегі ең бірінші жетістігім осы болар деп ойлаймын. Жалпы, қазіргі таңда тілді балабақшадан үйрету керек деген тенденцияны қолға алу дұрыс шығар. Отбасында ана тіліне деген құрмет болса, болғаны. Әкем — қазақ тілінің маманы, үйде тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Дегенмен ата-анамның өзге тілді үйренуге деген талабы өте жоғары болды. 10 жастағы қарындасым да төрт тілді еркін меңгерген. Ана тілінде сөйлегенде мақалдап, мәнерлеп тұрып жеткізеді. Сондықтан да балаға жастайынан тіл меңгеруге мүмкіндік беру керек.

Тіл үйренудің аса бір қиындығы жоқ. Оның қарапайым қағидаларын білсе, жеткілікті. Біріншіден, кез келген тілді үйрену үшін әрдайым практика қажет. Мүмкіндік болса, адамдармен ағылшын тілінде күнделікті сөйлесу керек. Екіншіден, сөйлеп қана қоймай, ағылшынша ойлауға тырысу керек. Әр білмеген сөзінді аударып, жаттап отыру абзал. Міндетті түрде сөздік болуы керек. Мүмкіндігінше ағылшын тілінде көп кітап оқуға тырыссаң, жақсы. Кітап оқу арқылы сіз буындарға дұрыс екпін түсіруді үйренесіз.

— Сен үшін жетістікке жетудің сыры неде?

— Жетістікке жету үшін, біріншіден, өзінді жеңу керек. Жалқаулық, еріншектік, сенімсіздік деген жаман әдеттер адамды жетістікке жетер жолынан тайдырады. Адам өзіне толық сенген кезде ғана белгілі бір белесті бағындыра алады. Екіншіден, кез келген адам өзінің арман-мұратына, алға қойған мақсатына адал болуы керек. Жұртты алдағанмен өзіңді ешқашан алдай алмайсың ғой. Өзіңнен қашып құтыла алмайсың. Әрбір істің соңынан есеп-қисап жүргізіп отырған дұрыс. Үшіншіден, кез келген адамға, ол қарапайым оқушы болса да, ел басқаратын президент болса да, ең алдымен қолдау керек. Әсіресе, жақындарының қолдауы маңызды. Мен осы жетістікке жақындарымның қолдауының арқасында жеттім. Егер ата-анам қолдамаса, ұстаздарым, тәлімгерлерім бағыт-бағдар бермесе, мен бұл жетістікке ешқашан жете алмас едім.

— Сұхбат бергеніңе рахмет! Оқуыңды жақсы аяқтауыңа тілектеспін.