Атырауда Үкіметтік емес ұйымдар кездесті

Шараның мақсаты — түрлі саладағы ҮЕҰ басын қосу, жас және кәсіби ҮЕҰ-ларды қолдау, тәжірибе алмасу. Оған қоса азаматтық сектор, бизнес құрылым өкілдері, мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, әріптестік орнату.

Салтанатты кеште Атырау облысы әкімі орынбасары Айгүл Әжіғалиева ҮЕҰ басшыларын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің Алғыс хатымен марапаттады.

Пікір алмасу алаңына қаладағы ҮЕҰ өкілдері және әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты. TedХ форматында өткен шараға спикер ретінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры жетекшісі Гүлназ Қосмурзиева, «Доброе сердце» қоғамдық қоры жетекшісі Венера Манасова, «Златару» қоғамдық қоры жетекшісі Нина Петрова, «Жарқын болашақ» қоғамдық қоры жетекшісі Дана Ғасырбек қатысты.

«Адамгершілік» қоғамдық қоры жетекшісі Салтанат Рахимова үкіметтік емес ұйым басшылары қоғамдық қор ашу тарихын бөліскенінен әсер алғанын айтты.

Нағыз мықты адамдар деп осы кісілерді айту керек. Өз проблемаларын ысырып қойып, өзгелерге көмек беріп жүрген осы жандардың тарихы бізге үлкен істерге үндеу тастағандай болды. Қарапайым тұрғындарға құқықтық көмек көрсетумен айналысып жүрген біздің ұйым да азаматтық қоғамның кірпішін қалауға атсалысып жүргеніне қуандым, — деді Салтанат Рахимова.

Айта кетейік, алғаш рет халықаралық ҮЕҰ күні ресми түрде 2010 жылдың 17 ақпанында Балтық теңізі аймағының IX ҮЕҰ форумының 8-ші саммитінде жарияланды. Халықаралық ҮЕҰ күні ресми түрде 2014 жылы 27 ақпаннан бастап Финляндияның Хельсинки қаласында дүниежүзілік деңгейде аталып өтілді.

Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 691 ҮЕҰ ұйым тіркелген. Белсенді әрекет етуші ҮЕҰ саны — 147.