Мемлекет тарапынан салаларды қолдау бойынша шаралар қабылданды. Бағдарламалар қабылданып, субсидия бөлінді. Алайда ауыл шаруашылығы саласы әлі кенжелеп тұр. Себебі мемлекеттік қолдау саласында жүйе жоқ.
Мәселенің әлқиссасын ұннан бастайық. Кезінде Қазақстан ұн экспорты бойынша әлемде көшбасшы орындарға ие болған. Бірақ кейін сала құлдырай бастады. Осылайша кейінгі 3 жылда Астық өңдеушілер мен наубайшылар одағының бағалауы бойынша экспортқа тұрақты 2,3 миллион тонна ұн жіберіліп тұрды. Егер бұрын экспорттың үштен екісі Өзбекстанға жіберілсе, бүгінде нарық позициясынан айырылды — сауда кедергілері болған уақытта (акцизді салықты алғаш рет Өзбекстан 2011 жылы 10% мөлшерінде енгізген, 2012 жылы оны 15% дейін көтерген және жақында ғана осы мөлшерлеме нөлге келтірілген), мемлекеттің өзінде сомалы қуаты 1,5 миллион тоннадан кем емес жеке ұн тарту өндірісі құрылған.
Біртіндеп Тәжікстанға да ұн экспорты төмендеді. Өндірушілер бұған бірнеше рет ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударған, мемлекеттерге қатысты тарифтік емес реттеудің қарсы шараларын енгізуді және жаңа сыртқы нарықтарға шығу туралы көмек сұраған. Алайда нәтижесінде сала үш есе қысқартылды.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы министрлігі үшін басым бағыт ет және мал шаруашылығы болды. Мал басын асыру, асыл тұқымды мал импортын субсидиялау жөніндегі бағдарламалар түзілді. 2016 жылы 60 мың тонна ет экспорттау деген мақсат қойылған болатын. Бұл мақсатты тек 3 жылдан кейін ғана, яғни 2019 жылы орындады. 2019 жылы Қазақстан ет қана емес, тірі мал экспорттады. Өндірушілердің айтуынша, асыл тұқымды төлдейтін малды олар мемлекет ішінде қалдырады, ал экспортқа көбінесе бұқа кетеді. Неге экспортқа кетеді, неге Қазақстандағы қайта өңдеуге емес? Барлығы қарапайым — экспорт тиімдірек.
Ет одағының бас директоры Максут Бақтыбаевтың айтуынша, сатып алушылар тірі салмақтың келісіне 800-950 теңге төлейді, оны етке қайта есептеген кезде килограмына 1600-1800 теңге шығады. Ет комбинаттары біршама азырақ береді (еттің килограмы үшін 1300 теңге, бұл тірі салмақта 650 теңге), сонымен бірге малды алып келу керек, содан кейін кепкеннен кейін соңғы салмағын тосу керек (ал бұл салмақтың 2-3% жоғалту), тек содан кейін төлемді алу.
Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі бұл үрдіске араласып, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін күтпеген жерден малды экспорттауға тыйым салуды енгізді. Қоғам үшін бұл шара отандық қайта өңдеуші кәсіпорындарды толтыру қажеттілігімен және ішкі нарықтағы еттің бағасын ұстап тұрумен түсіндіріді. Өндірушілердің айтуынша, бағаға бұл әсер етпейді, бірақ үлкен қаржылық шығындарға ұшырайтын фермерлердің өздері үшін соққы болады. Солай болды да: еттің бағасы өсіп жатыр (2020 жылдың қаңтар айында былтырмен салыстырғанда өсім 13% болды), етті мал шаруашылығының шығындары, жай ғана есептегенде, шамамен 18 миллиард теңге болды.
Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа бастама көтерді — 2020 жылдың қаңтар айынан жұмыртқа өндіруге субсидия белгілеу. Ішкі нарықта бір жұмыртқаның бағасы — 3 теңге. 2019 жылы жұмыртқа бағытындағы 32 құс фабрикасына төленген осындай субсидиялардың жалпы сомасы 10 млрд теңге болды. 2019 жылы алғаш рет өндірушілер елдің ішкі нарығының жұмыртқаға деген сұранысын 100% қамтамасыз етті. Сонымен бірге 500 миллион дана жұмыртқа экспортқа жіберілді. Министрлікте бұл жеткілікті екенін және сала қолдауды қажет етпейтінін жөн санады. Қазақстанның жұмыртқа өндірушілерінің қауымдастығы бұл шешім саланы құлдырататынына сенімді.
Субсидия алып тасталған жағдайда 2020 жылы барлық шағын және орта құс фабрикасының бір бөлігі банкротқа ұшырауы және өз қызметін тоқтатуы мүмкін, ал жұмыртқа өндірісінің жалпы көлемі шамамен екі есе төмендейді (2019 жылы 4,5 миллиард данадан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2-3 млрд данаға дейін). 2 мыңнан астам жұмыс орны қысқарды. Сонымен бірге субсидияларды алып тастаудың тікелей салдары жұмыртқаның өзіндік құнын бірден 15% арттыруға болады. 2020 жылдың соңына дейін, біздің болжамымыз бойынша, өсім 40% болуы мүмкін. Бұл ретте объектив себептерге байланысты тез қымбаттаған қазақстандық өнімдер нарықта арзан Ресей және Беларусь өнімдері ығыстырады. Тиісінше республика импортқа тәуелділікке оралады, — дейді мамандар.
Бүгінде саланың барлық кәсіпорны өздерінің бизнес жоспарларын қайта есептеуге тырысып жатыр, инвестиция бағдарламаларын қысқартып, өндіріс көлемін, қызметкерлерді қысқартуға дайындалып жатыр. Кейбіреулер саладағы саясаттың болжамсыздығын мойындайды.
Дәл осы болжамсыздық — агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция келуі үшін үлкен кедергілердің бірі. Сарапшылардың айтуынша, мұндай тәсіл түбінде бизнесті тізе бүктіруі мүмкін.
Ақнұр Шаяхмет
