Басты бетМәдениет"Абай жолымен"...

«Абай жолымен» айтысы ақынның мерейтойына арналды

«Абай жолымен» деп аталған додаға 12 айтыскер ақын Абай Құнанбайұлының философиялық, ағартушылық, саясаткерлік қырын жырға қосты. Айтысты Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет» орденінің иегері және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман тізгіндеді.

Аламан бәйгеге қазылық ету, айтыскерлердің кестелі ой, көркем сөзін бағалау мәртебесі халық ақыны Әсия Беркеноваға, халықаралық «Алаш», Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтар лауреаты Тұрсын Жұртбайға, жырау, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматовқа, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбайға және ақын, журналист Жанарбек Әшімжанға бұйырды.

Шешендер сайысқан жыр додасында III орынды жерлесіміз Мейірбек Сұлтанхан мен арқалық ақын Айбек Қалиев иемденіп, 500 мың теңге сыйақы алды. Нұр-Сұлтаннан қатысқан Әсем Ережеқызы II орын алып, 1 миллион теңгеге ие болды. I орынға «Жайықтың Жансаясы» деп танылған Жансая Мусина лайық саналып, 1 миллион 500 мың теңге алды. Бас жүлдені қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов қанжығасына байлап, оған 3 миллион теңге табыс етілді.

Алдағы уақытта облыста Абай Құнанбайұлы мерейтойына орай түрлі танымдық, мәдени шара жалғасын табады.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)

Әсия Нұрлыбаева