Дұрыс сәлемдесе білесіз бе?

Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабында сәлемдесу туралы мындай эпизод бар. Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанға бірге оқыған досы келгенде екеуі сүйісіп амандасқан екен. Оны көрген Баукең: «Батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп, амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп жалпаңдап жүріп жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін…» — депті.

Батырдың ренжитін жөн бар. Бұрын бабаларымыз қол алысып, төс қағыстыра арқа-жарқа боп амандасатын. Қазіргінің балалары бір-бірінің бетінен сүйіп жүр. Аялдамада тұрсаңыз да, мемлекеттік мекеменің ішінде жүрсеңіз де, сол көрініс. Бұрын қыздардың солай амандасқанын көретінбіз. Оған етіміз үйреніп кетті. Ал қашан да қыз баласынан аса құрметтелетін жігіттер қауымына бұлай амандасу тіптен орынсыз. Көңілге де, көзге де оғаш. Бұл да бір еліктеушіліктен туған әдет болар. Жігіттер онсыз да қыздармен жағаласып, шаш өсірді, сырға тақты, боянды. Оған қыздар «ерегесіп» жігіттік образға ене бастады. Бұлай кете берсе, көш түзелуден бұрын, түзге адасып кетер…  Кеш болмай тұрып, көштің басын түзетіп алайық, ендеше.

Ұлттық мәдениетіміз бойынша, ер адамдар амандасқанда, қол алысады. Әрі кеткенде төс қағыстырады. Ал бетінен, маңдайынан сүйіп амандасу әжелер мен аналарға, қыздарға тән.

Қол алысу

Қол алысу әрқашанда достық пейілді білдіруге тиіс. Тым болбыр қол алысу сияқты, тым қатты және ұзақ жібермей қол қысысу да орынсыз. Стол үстінде қол ұсынбайды. Белгілі бір жиынға кешігіп келіп, үстел айналып, қол алысып жүретін азаматтар көп. Бұндай жағдайда қолды кеудеге қойып, отырған жұртқа жалпы амандасқан дұрыс.

Ұсынылған қолды алмау да – әдепсіздік. Қандай да бір себептермен қол бере алмауыңыз мүмкін. Ондайда сыпайылықпен кешірім сұрау керек. Сондай-ақ биялаймен қол ұсынбайды. Ол құрметтегендіктің белгісі.

Кімнің бірінші болып амандасуы керек?

Әдетте, кіші адам жасы үлкенмен, ұл бала қыз баламен бірінші болып сәлемдесетінін айтпасақ та білерсіз? Ал үйге кірген адам отырған адамдармен бірінші болып амандасады. Кетіп бара жатқан адам қалушылармен бірінші болып қоштасады. Қонаққа барғанда ең алдымен үй иесімен, содан кейін барып өзге адамдармен амандасу керек. Тұрған адамның жанынан өтіп бара жатқаны әрқашанда бірінші болып сәлемдеседі. Көпшілік тұрған жерде ер адам ер адаммен бірінші болып амандық сұрасады.

Кіммен, қай жерде сәлемдесу керек?

Үнемі барып жүретін асхана, кафеге және т.б. кіргенде сол жерде көптен бері қызмет көрсетіп жүрген қызметкерлермен амандасқаныңыз дұрыс. Поездың купесіне немесе қандай да бір мекеменің қабылдау бөлмесіне кіргенде іштегілермен сәлемдесу артық емес. Такси тоқтатқан уақытта да, алдымен жүргізушімен сәлемдесіп алыңыз. Бөтен адамнан бір нәрсе сұрамас бұрын, онымен амандасқан жөн.

Сіз бұл қарапайым ережелерді білетін болсаңыз, достарыңызға қараңызшы. Олар қалай амандасып жүр?