Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында әуелі спортшылардың жетістігіне арналған бейнеролик көрсетілді. Онда жетісулық спортшылардың жеңісімен бірге осы салаға жасалып жатқан қолдау дәріптелді.
Былтыр Алматы облысының спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда жалпы саны 2 310 медаль жеңіп алған. Сонымен бірге 1 — ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 34 — халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 — спорт шебері, 998 — спорт шеберлігіне үміткер және 425 — бірінші дәрежелі спортшы атақтарын иеленген. Бұған қоса жетісулық спортшылар биыл Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына 6 жолдама ұтып алған.
Алматы облысы әкімі Амандық Баталов спортшылардың бұл жетістігіне ризашылығын білдіріп, еліміздің, оның ішінде Алматы облысының атын шығарып жүрген спортшыларға лебізін білдірді.
Өздеріңіз білесіздер, биыл Олимпиада ойындары өтеді. Спортшыларымыз осы байрақты бәсекеде топ жарса екен деп тілейміз. Жеңісті қолдан бермеу керек. Баршаңызға сәттілік!, — деді Амандық Баталов.
Осыдан кейін марапаттау рәсімі басталды. Талдықорғандағы дене шынықтыру және спорт бөлімі 2019 жылғы облыстық спорт мекемелерінің, бөлімдерінің жұмысын рейтинг жүйесінде бағалау қорытындысы бойынша үздік атанып, 500 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Халықаралық жарыстарда жақсы нәтижеге қол жеткізгені үшін бірнеше спортшы облыс әкімінің арнайы дипломымен және 500, 300, 200, 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Сонымен бірге салауатты өмір салтын насихаттап, спортшылардың жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттап жүрген журналистер де марапатталды.
Бүгінде Алматы облысында 30 спорт кешені, оның ішінде 8 дене-шынықтыру сауықтыру кешені, 25 стадион, 2 спорт сарайы, 7 ипподром, 50 бассейн сияқты жалпы саны 3 587 спорт мекемесі халыққа тегін қызмет көрсетеді. 600 мыңнан астам адам спортпен тұрақты шұғылданады.