Журналистер ақпаратты сауатты тарату амалдарын талдады

Журналист Болатбек Мұхтаровтың ақпарат құралдары өкілдерінің медиасауат туралы білімін кеңейту тақырыбына арналған тренингінде осы мәселелер айтылды. Тренингіге медиа саласында жұмыс істейтін 9 жас маман қатысты. Олардың арасында Baribar.kz журналистері де болды.

Тренер қатысушылардың назарын фактчекинг пен медиаэтика мәселелеріне көбірек аударды. Бұған қазіргі қазақ интернет-ресурстарында жарияланған бірқатар материал себеп болды. Айталық, Қостанайдағы қазақ мектептері туралы фейк қалай Қазақстан Президентінің ресми аккаунтына дейін жетті? Президент аккаунтында жарияланғаннан кейін ақпаратты жаңалық таратушы жетекші сайттар неге тексермеді? Шымкентке тағайындалған әкім туралы хабар таратқан порталдар қалай қателесті? Жас журналистермен болған интерактивте осы және басқа да кейстер талқыланып, талданды. Соның негізінде ақпарат көзін анықтау, ақпаратты тексеру, медиаресурс контентін сауатты жасау мен ақпарат таратуда этика талаптарын ескерудің тұжырымдары пысықталды.

Еске салайық, өткен шілде айында Алматыда «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы «Internews Қазақстан» өкілдігінің MediaCamp бағдарламасы аясында 15 адамға медиатренер дағдысын үйреткен еді. Оларға медиа саласына қатысы бар азаматтарға 90 минуттық үш тренинг өткізу міндеті жүктелді. Болатбек Мұхтаров — сол 15 адамның бірі. Медиатренерлерге арналған тренинг USAID қорының қолдауымен ұйымдастырылды.