Амандық Баталов: Біздің мақсат — АӘК алушыларды жұмыспен қамту

Тұрғындарға есеп берген облыс әкімі халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз бөлігіне қандай көмек беріліп жатқанын айтты.

Алматы облысында 67,5 мың мүгедектігі бар азамат бар. Олардың денсаулығын жақсарту мақсатында Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Талдықорғанда оңалту орталықтары ашылған.

Әкімнің мәліметінше, биыл әлеуметтік қолдау мен мүгедектігі бар азаматтарға көмек беру үшін бөлінген қаражат 1 миллиард теңгеге өсіп, жалпы көлемі 4,7 миллиард теңге болды.

Біздің мақсат — атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл үшін «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 10 миллиард теңге бюджет есебінен бөлінген, — деді өңір басшысы Амандық Баталов.

Былтыр облыс бюджетінен әлеуметтік салаға 38 миллиард теңге бөлінген, оның 3,5 миллиард теңгесі тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға көмек ретінде берілді.

Облыс басшысының айтуынша, өңірде балабақшалар мен мектептердегі 42 мың балаға тегін ыстық тамақ беріледі. Жергілікті билік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін 100 грант тағайындаған. Сонымен қатар көпбалалы аналар қала ішінде қоғамдық көлікті тегін пайдаланады. 2 277 отбасы әкімдік есебінен газға тегін қол жеткізді.