Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әуезов ауданындағы 3-ықшамауданда №39б үйде өрт шыққаны туралы хабар 00.39-да келіп түскен. Оқиға орнына 9 минутта жеткен өрт сөндірушілер бұрын жатақхана болған төрт қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртеніп жатқанын анықтады. Ғимараттың жоғарғы қабаттарында дәліз ортақ болғандықтан жоғары температура қалыптасып, адамдар өз еркімен шыға алмай қалған. Өрт сөндірушілердің жетекшісі тұрғындарды құтқару туралы шұғыл шешім қабылдап, 40 адамды эвакуациялады, оның 10-ы — бала.
Үй тұрғындары өрт сөндірушілерге төртінші қабаттағы пәтерде адамдар қалғанын айтты. №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің мамандары төртінші қабаттың терезесіне жедел үш иінді баспалдақ орнатып, 2010 жылы туған баланы, соңынан әкесін де аман-есен алып шықты, — деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт 01.15 минутта сөндірілді. 10 шаршы метр аумақтағы тұрмыс заттары жанып кеткен. Қызу мен жалынның әсерінен көрші пәтерлер есігі балқыған.
Өрт шыққан үйдің екі тұрғыны — 1955 жылы туған ер адам мен 1997 жылы туған әйел адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, көп ұзамай үйлеріне жіберілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен алты техникасы, Әуезов ауданының полиция басқармасының төрт қызметкері мен екі техникасы қатысты.