Қазақстан алғаш рет бензинді дизель отынынан көп өндірді

Energyprom.kz мамандарының хабарлауынша, биылғы алғашқы айда шикі мұнай өндірісі ақшамен есептегенде 1,02 триллион теңге болды, 2019 жылдың қаңтарында 999,6 миллиард теңге болған еді.

2019 жылдың 12 айында шикі мұнай өндіру көлемі 12,3 триллион теңге болды, 2018 жылы 12,2 триллион теңге болған.

Биылғы қаңтарда бензин өндірісі (426,6 мың тонна) алғаш рет дизель отыны (390,6 мың тонна) көлемінен асып түсті. Бензин 2019 жылдың қаңтарына қарағанда 12,6% көп өндірілсе, дизель отыны өндірісі, керісінше, 1,3% азайды.

Қаңтарда АИ-92 бензинінің литрі 151 теңге болды, бір айда 2,9% қымбаттаған. АИ-95 литрі 172,4 теңге болды (1,4%), АИ-98 190,9 теңге (1,7%) болды. Қысқы дизель отыны бір айда 0,9% қымбаттады, литрі 277,2 теңге тұрады, жазғы дизель отынының бағасы өзгерген жоқ — литрі 193 теңге.