Биыл қыста қарлы боран Қарағанды облысы тұрғындарын біраз әбігерге салды, автожолдарда, елді мекендерде көлік қозғалысы қиындады. Қарағанды гарнизонының тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, республикалық маңызы бар автожолдарда және қала ішінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосты. Тәртіп сақшыларының қолына күрек ұстап, көлік иелеріне көмектескені, жол қозғалысын реттегені әлеуметтік желілерде тарады. Осыны көрген Қарағандыдағы №93 мектеп-гимназиясының 3-класс оқушылары полицейлердің жұмысымен жақын танысу үшін Қарағанды полиция басқармасында болды.
Полиция қызметкерлерінің жұмысы ауыр. Олар қай мезгілде де жұмыста болады. Бүгін біз ұстаздарымызбен полицияның жұмысымен танысу мақсатында осы жерге келдік. Тәртіп сақшылары бізге камералармен қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Боранда қызмет еткен ағалармен таныстық. Маған осы кісілердің жұмысы қатты ұнады, — деді оқушы Айым Әбішева.
Жедел әрекет ететін арнайы жасақ қызметкерлері оқушыларға өздері қолданатын қару түрлерін, патруль полициясы полкінің тир залында өтетін атыс жаттығуын, полицияның арнайы көлігі мен техникалық құралдарын көрсетті.
Жас ұрпақты патриот рухта тәрбиелеу және олардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Баланы жастан» демекші, мектеп кезінен бастап, құқық қорғау саласының қыр-сырын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, қызметіміздің қаншалықты қауіп-қатерге толы екенін көрсетіп, ерлік жасаған әріптестеріміздің есімі мен ерлігін мектеп оқушыларына көрсетіп отырсақ, біздің қызметке деген көзқарасы өзгерер деген ойдамын, — деді Қарағанды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Думан Қожахметов.