Басты бетЖаңалықтарБас прокуратура:...

Бас прокуратура: Мұхтар Әблязов жеке басының мүддесін көксеп отыр

ҚР Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Петерс «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымының қызметіне қатысты үндеу жасады.

Бүгінгі брифингіде баршаңызды қоғамымызға іріткі салып жүрген қандықол қылмыскердің әрекеттерінен сақ болуға шақырамыз. «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысы — экстремистік ұйым. Оны кім басқаратынын көпшілік біле бермейді. Жетекшісі — Мұхтар Әблязов. Оның арбауына түскен кейбір азамат, өкінішке қарай, оған зор сенім артады. Естеріңізге салайық, 90-жылдары ол бизнесте болып, кейін KEGOС ұлттық компаниясын және Энергетика министрлігін басқарған. Көп ұзамай, ол заңды белден басып ұры, жемқор, алаяқ және адам өлтіруші қылмыскерге айналды, — деді ол.

Ресми өкіл Мұхтар Әблязовқа тағылған айыптарды тізбелеп шықты. Қылмыстық істер бойынша 8 айыптау үкімі шығып, 42 адам сотталғанын айтты. Қазір Мұхтар Әблязов жымқырған қаражатты қайтару мен оны жауапқа тарту үшін тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Бүгінде Мұхтар Әблязов халық мүддесін желеу етіп, жалған ұранмен азаматтарды заңсыз акцияларға үгіттеуін жалғастырып келеді. Ол сіздерді қоғамда әлеуметтік алауыздық және ұлтаралық қақтығысты тудыру үшін пайдаланып отыр. Оған бір-бірімізге деген сенімімізді жоғалтқанымыз тиімді. Әблязовтің көксегені — еліміздің тыныштығы, азаматтарымыздың амандығы емес, жеке басының мүддесі, мансабы. Ол қылмыстық жауаптылықтан құтылуды көздейді. Бұрын сіздерден жымқырған қаражатты митингіге шыққандарға төлеп отыр. Біз сіздерді арандатушылыққа бой алдырмауға, заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамыз, — деді Оксана Петерс.