Хамит Ерғалидің 100 жылдығына 100 теңгелік монеталар айналымға шықты

Монеталардың бет жағында (аверсінде) жоғары бөлігінде Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Елтаңба бейнесінің оң жағында «ҚҰБ» аббревиатурасы бар. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Номиналдың сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деп жазылған.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Хамит Ерғалидың бейнесі, мемлекеттік тілде «ХАМИТ ЕРҒАЛИ» деген жазу, оның факсимилесі, «100 ЖЫЛ» деген жазба және соғылған жылын білдіретін «2016» деген сан орналастырылған. Монеталардың бет жағындағы және сырт жағындағы бейнелер мен жазулар бедерленген, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Монеталар нейзильбер қоспасынан жасалған, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 г, таралымы – 100 мың дана.

Номиналы 100 теңгелік естелік монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу және аудару үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Айта кетейік, Хамит Ерғали – қазақ ақыны, Қазақ КСР-ның халық жазушысы. Отан соғысының 1-ші және 2-ші дәрежелі ордендерімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, басқа да ордендермен және медальдармен марапатталған.

ДереккөзBnews.kz