— Зарина, «Болашақ» сияқты мемлекеттік бағдарламамен өзге елге оқуға түскен студенттер тегін оқыса да, стипендияны жеткізе алмайтынын айтады. Ал сіз Францияда өз ақшаңызға білім алдыңыз. Оқу ақысы қымбат емес пе?

Қазақстанмен салыстырғанда Францияда оқу ақысы су тегін деуге болады. Мысалы, магистратураның бір жылдық ақысы — 243 еуро (шамамен 103 853 теңге), бакалавриат — 170 еуро (72 654 теңге), докторантура — 380 еуро, (162 404 теңге) инженер мамандықтарында оқу ақысы шамамен 600-700 еуро. Ал ағылшын тілінде білім алатындар үшін оқу ақысы 10-15 есе қымбат.

Өзім қаржы жағынан қиналған жоқпын. Неге десеңіз, Францияда студенттерге мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек беріледі. Студенттердің арнайы тамақтанатын мейрамханалары бар. Мұндай көмек студенттерге ғана емес, айлық көрсеткіші минимум болатын барлық адамға беріледі. Қажет құжаттарды жинап, банктен шот ашып, тиіс мекемеге тапсыру қажет. Студент құжат тапсырған күннен бастап оның пәтер жалдап тұруына қажет ақының 60%-ін мемлекет төлейді. Бұл — үлкен жеңілдік. 

Францияның Қазақстандағы елшілігі тарапынан бірреттік стипендия алдым. Әлеуметтік стипендия деуге болады. «Ұлттық стипендиат» деген статус беріп, оқу ақысын, бір жылдық сақтандыру мен виза ақысын да төлеп берді. Бір жыл бойы фрилансер болып жұмыс істедім. Ақшаны үнемдеп жұмсасаңыз, саяхатқа да жеткізуге болады. Францияда студенттік тариф барлық салада қарастырылған. Студенттерге пойыз немесе қала ішіндегі көлікте жүру ақысына, кино және театр билетінің құнына 50%-ке дейін жеңілдік жасалады. Сонымен бірге университет студенттердің спортпен айналысуына да көп мүмкіндік жасап қойған. Бәрі тегін, тек жылдың басында бір семестрге уақытылы тіркеліп үлгеруіңіз керек. Кітапханада барлық архив пен халықаралық базаға кіру тегін. Үйіңізде отырып-ақ кіре бересіз.

Зарина Бүенбаева
Зарина Бүйенбаева. Фото жеке архивінен

— «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитын студенттер жылжымайтын мүлікті кепілге қояды. Елге оралған соң бірнеше жыл жұмыс істеу де міндеттеледі. Ал өз қаржысына білім алатын студенттерге мемлекет тарапынан талап бар ма?

— Ешқандай талап жоқ. Егер қаласаңыз, Францияда қалып, сол жақта жұмыс істеуіңізге де болады. Магистратураның соңғы 6 айында ақылы тағылымдамадан өту керек. Өтетін орынды кем дегенде 6 ай бұрын іздейсіз. Бұл әсіресе өзге елден келген студент үшін оңай шаруа емес. Ондаған сұхбаттан өтіп, жұмыс беруші компанияларға түйіндеме жіберу қажет. Францияда магистратурасын тәмамдаған шетел студентіне мемлекет диплом алғаннан кейін жұмыс іздесін деген мақсатпен арнайы бір жылдық виза да береді.

— Қазақстаннан Францияға алғаш барғанда қандай да бір мәдени айырмашылықты сездіңіз бе?

— Француздар — өте сыпайы халық. Экологияға бейжай қарамайды. Жол қозғалысы ережесін қатаң сақтайды. Өйткені мұнда әп-сәтте жүргізуші куәлігінен айырылып қалуыңыз мүмкін. Қарттары жиі саяхаттайды. Адамның жеке өміріне ешкім қол сұқпайды. Студенттер емтихан кезінде «шпаргалка» пайдаланбайды. Пайдаланса, бірнеше жылға дейін оқудан шеттетеді, оған жүргізуші куәлігі де берілмейді.

Жекеменшік жоғары оқу орнында оқитындар мен мемлекеттік университетте білім алатындар өзара тіл табыса бермейді. Алғашқылары ағылшын тілінде сөйлейді, MacBook пен iPhone-ның generation-ы. Екіншілері өте қарапайым, оқумен бірге жұмысты қатар алып жүреді.

Халық оңшылдар мен солшылдар, ультраоңшылдар мен ультрасолшылдар деп бөлінеді. Партияға бөліну де өзара тіл табысуға кедергі келтіреді. Бірақ мемлекеттің дамуы үшін мұндай нәрсенің эффектісі молырақ шығар деп ойлаймын.

— Білім алатын елді, университетті таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлдіңіз? 

— Университетті таңдағанда бірінші кезекте оқытушы-профессорлар құрамына көңіл бөлдім. Өйткені магистрлік ғылыми зерттеу жұмысын сәтті жазып шығу қажет. Оның үстіне, профессорды алдын ала таңдап, хат жазасыз. Егер оны сіз ұсынып отырған зерттеу жұмысы қызықтырса, «осы студентке жетекшілік етемін» деп жазып береді. Сізді университет емес, профессор таңдайды.

Сонымен бірге мен үшін университеттің қай өңірде орналасқаны маңызды болды. Мысалы, Страсбург Германия мен Францияның шекарасында орналасқан, Еуропа одағының астанасы, көп қызық іс-шара өтеді. Ал Лион — жастардың, студенттердің қаласы. Лионда үш университет бар. Олардың саяси көзқарасы да әртүрлі. Мен оқитын университет солшылдардікі. Студенттерге университет әкімшілігінің немесе министрліктің кей заңы мен шешімі ұнамаса, бірден митингіге шығады. Ұнайтын тұсы жеткілікті. Ең бастысы — өте жақсы білім береді, мықты рекрутинг жүргізеді. Профессор емтиханды қалай алса да, өзі біледі, тіпті емтиханның уақытын ауыстыра салады. Еркіндік бар. Сонысы ұнайды. Тағы ұнағаны — студент емтиханда алған бағасы үшін күйіп-піспейді. Пәнді толық меңгермесе, оны келесі семестрде қайта оқудан тайынбайды.

Зарина Бүенбаева
Зарина Бүйенбаева. Фото жеке архивінен

— Өзге елден барған студент ретінде университетте қандай да бір қиындыққа кезіктіңіз бе?

— Қиындық болғаны жақсы. Өйткені мұндай кезде адамның миы басқаша жұмыс істейді. Ең қиыны — бір семестрде 13 пән оқыдық. 6 апта сайын пәндер ауысып отырды. Әр пәннің студент оқуға тиіс әдебиет тізімі болды. Профессор бірінші күні сол тізімді қолыңызға ұстатқаннан бастап маңызды дегенін жанталасып оқисыз. Емтиханнан сәтті өтуіңіз сол оқыған кітаптарыңызға байланысты. Сыни ойлау қабілетіне көп мән береді. Ал Қазақстанда бұлай ойлауға үйретпейді. Сол себепті сыни пайымды дамыту үшін де белгілі уақыт керек. Алғашқыда зерттеу жұмысының құрылысы мен әдіснамасын француздардың тәсілі бойынша жасау қиынырақ болды.

— Студенттің оқытушымен қарым-қатынасы туралы не айтасыз?

— Әртүрлі. Оқытушыға байланысты. Кейбір оқытушы студентпен бірге шай ішеді, енді біреулеріне «мадам» демесеңіз, ренжиді. Негізі Франция университеттерінде оқытушымен коммуникация тек электрон пошта арқылы болады. Кездесу керек болса, рандевуға өтініш жасайсыз. Дәріс кезінде оқытушылар өзін өте сыпайы ұстайды. Сіздің дайындаған презентацияңызды, жұмысыңызды мұқият тыңдайды, жымиып отырады. Басын изеп, қостап отырады. Бұл студентке психология тұрғысынан демеу болады. Бірақ бұл жақсы баға алатыныңызды білдірмейді. Бұл — тек студентті стрестен сақтаудың тәсілі. Бұл әдіс студентке көп көмектеседі. Қатты қобалжымайсыз және ойды жақсы жинақтайсыз.

Францияда әр мереке сайын универсиет президентінен құттықтау хат келеді. Емтихан алдында да сәттілік тілейді. 

Зарина Бүенбаева
Зарина Бүйенбаева. Фото жеке архивінен

— Францияда студент өзінің бос уақытын қалай өткізеді? Сабақтан тыс уақытта немен айналыстыңыз?

— Әдетте студенттің бос уақыты кітапханада өтеді. Сонымен бірге көп студент жұмыс істейді. Университет студентке барлық жағдайды жасаған. Суда жүзу, жүгіру, би сияқты спорттың түр-түрі бар. Бәрі тегін. Тілді де тегін үйренесіз. Мен университетте оқып жүргенде ағылшын және испан тілі курстарына бардым.

— Францияда білім алғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

— Уақытыңыз бен энергияңызды тиімді пайдаланып, тіл үйреніңіз дегім келеді. Шетелге шығудан қорықпаңыз. Барынша сапалы білім алуға тырысыңыз. Диплом үшін емес, өзіңіз үшін оқыңыз. Тәуекелшіл болыңыз. 

— Әңгімеңізге рақмет!