Қазақстандықтардың өмірі кредитке қаншалықты тәуелді? Өткен аптада қаржы саласының сарапшылары «Кипр» талдау тобы, Ekonomist.kz онлайн алаңы мен «Сорос-Қазақстан» қоры ұйымдастырған «Қазақстандықтардың қарызға бату проблемасы: жағдайды талдау, тәуекелдер мен шешімдер, ақшаға қол жеткізу құқығы» атты талқылауда осы мәселеге қатысты ой-пікірін айтты.
Шараға қатысқандардың бірі елде қарызға бату проблемасы жоқ десе, екіншісі кедейшілік пен төмен жалақының қарызға батуға еш қатысы жоқ екенін айтты. Азаматтарды қарызға батырмау үшін Ұлттық банк коммерциялық банктерге жағдай жасауы керек деген де пікір айтылды.
Әсем Нұрғалиева, Бірінші несие бюросының атқарушы директоры:
Қазір азаматтардың қарызға батуы көп талқыланып отыр. Эксперттердің көбі қарызға батудың не екенін толық білмесе де, бұл туралы БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Қазақстанда бәрі қарызданып жатыр, бәрін құтқарайық, азаматтарға ақша берейік, олар қарызын жапсын» деген сияқты пікір білдіріп жатыр. Ал шын мәнінде жағдай мұндай қиын болмауы мүмкін. Соны түсіндіру үшін статистикалық мәліметтерге тоқталайын. Бюро базасында барлығы 55,6 миллион несие келісімшарты бар. Елдегі 9,23 миллион экономикалық жағынан белсенді халықтың 7,46 миллионы несие бойынша қарыздар. Қалғаны — бұған дейін несие алып көрмеген халық. Бұл сегменттегінің көбі — 18-22 жастағы азаматтар мен 45 жастан асқан азаматтар. Айта кететіні, несие базасы секунд сайын жаңаруы мүмкін. Базаға жыл сайын 500 мыңнан астам қарыз алушы қосылады.
Жалпы несие портфелінде 26 триллион теңгенің несиесі бар. Оның 75%-і бизнес-несие болса, қалғаны бөлшек несиеге тиесілі. 20,2 триллион теңгені екінші деңгейлі банктер, негізі ауылдық жерде әлеуметтік мақсатта берілетін 290 миллиард теңгені микроқаржы ұйымдары, 84 миллиард теңгені онлайн несие берумен айналысатын компаниялар, 4,4 триллион теңгені басқа да ұйымдар береді.
Нарықтағы ипотекалық несиенің, кепілмен берілген өзге де несие мен автонесиенің орташа көлемін шығарсақ, Қазақстанның бір азаматына миллион теңгеге дейінгі сомадан келеді. Ал нақтырақ есептесек, тұтынушы несиесін алушылардың 80%-інде орташа есеппен 316 мың теңгеден көп емес қарыз бар. Бұл — елдің қарызға батып жатпағанының бірден бір дәлелі.
Кейінгі жылдары қазақстандықтар көлемі аз несиелерді мерзімі қысқа уақытқа алып жатыр. 2019 жылы несиенің орташа чегі 170 мың теңге болды. Мұның көбі тауарды бөліп төлеуге тиесілі.
Петр Своик, «Ашық тариф» Қазақстан қауымдастығы президиумының төрағасы:
Ұлттық банк елдегі коммерциялық банктерді қаржыландырмайды деуге болады. Сол себепті банктер біршама уақыт шетелден қаржы алып жүрді. Ал қазір банктерге бұл сыртқы қарызды алуға да тосқауыл қойып жатыр. Неге екені белгісіз, Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қарыз беруші емес, керісінше, олардың аса үлкен сомадағы қарызгері болып отыр. Бұл несие саласына әсер етеді. Екінші деңгейлі банктер не істей алады? Оларға ұлттық базалық қаржыландыру қарастырған несие қаржылық саясатын әзірлеуге тура келеді.
Халықта қарызға бату проблемасы бар. Оларды қарыздан құтқару үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) несие-инвестициялық банкке айналдыру керек. Ол үшін коммерциялық банктерден негізінен депозиттерді алып, осы қорға аудару керек.
Қорға салым салушылардың бәріне салымының белгілі бір бөлігін үй алуға, емделуге деген сияқты қажеттігіне жұмсауға рұқсат ету керек. Бұл экономика үшін де тиімді. Осылайша халық инвесторға айналады. Қарызға бату проблемасын шешпесек, ерте ме кеш пе мәселе шарықтау шегіне жетеді.
Айдархан Құсайынов, экономист:
Мен елде қарызға бату проблемасы жоқ деп есептеймін. Тұтынушы несиесі жылдам өсіп бара жатқаны рас, бірақ оның қай тұрғыда өскеніне назар аударайық. Мысалы, Kaspi Red картасын алайық. Бұл карта бөліп төлеу арқылы тауар алуға, яғни үстіне процентсіз сол ақшаны 3 айға бөліп қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл адамның кедей екенін білдірмейді, мұндай карта иесінің қалтасы тесік емес. Бар болғаны адамдарды тауардың толық ақысын сол мезетте төлемей, оны бірнеше айға бөліп төлеу қызықтырып отыр. Ал мұндай несиеге тауар алатындар несие алғандар тізімін көбейтіп жібереді де, тұтынушы несиесі рейтингіне әсер етеді.
Бізде қолма қол емес төлем жасау жылма-жыл көбейіп келеді. 2018 жылдың қазанынан 2019 жылдың қазанына дейінгі статистика бойынша картамен төлеу 2,7 есе өскен. Ал осы уақыт ішіндегі интернет дүкеннен зат сатып алу көлемі 2,5 есе артқан. Бұл азаматтардың қарызға батып жатқанын емес, бизнестің банк моделі өзгеріп жатқанын білдіреді.
Қазір бұл салада есепке алынбай тұрған үш фактор бар. Біріншісі — халық арасындағы несие көлемінің тым әртүрлілігі. Екіншісі — бизнес моделінің өзгеруі. Осыдан барып несие алу жалпы ішкі өнімнен де жылдам өсіп жатыр деген сияқты мазасыздану басталады. Соңғысы бізде шағын бизнес өсуінің не себепті бәсеңдеп қалғанына қатысты болып отыр. Өйткені жеке кәсіпкер несиені жеке тұлға ретінде алып жатыр. Қорыта айтқанда, кірістің өспеуі, кедейшілік проблемасының болуы және елдің жартысына жуық бөлігінің қаржысын тек тамаққа жұмсауының несиеге батуға еш қатысы жоқ.