2018 жылы Қазақстанда шағын несие берумен айналысатын кәсіпорындардың жалпы саны 20,1%-ға азайып, 824 болды. Оның 600-і — кредит серіктестігі, 224-і — шағын несие беру ұйымы.

Ranking.kz зерттеушілерінің мәліметінше, кредит серіктестіктері мен шағын несие беру ұйымдарының кредит портфелі 2018 жылдың соңында 668,8 миллиард теңге болды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,6%-ға жоғары.

Жиынтық кредит портфелінің 50,4%-ы немесе 336,9 миллиард теңгесі — жеке тұлғаларға, 49,6%-ы немесе 331,8 миллиард теңгесі — заңды тұлғаларға берілген кредит. 2017 жылдың соңында заңды тұлғаларға кредит көп берілген еді (55,2%).

2018 жылы шағын несие берумен айналысатын кәсіпорындар жалпы сомасы 500,7 миллиард теңге болатын кредит берген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға көп.

Былтыр жеке тұлғаларға кредит көп берілген, 346,2 миллиард теңге — 2017 жылға қарағанда 32,9%-ға көп. Заңды тұлғаларға 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 154,5 миллиард теңге берілген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24,7%-ға аз.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттің жартысынан көбі кәсіпкерлік мақсатты көздеген: 215,5 миллиард теңге — 2017 жылға қарағанда 55,1%-ға көп. Мұндай кредиттің үлесі 53,3%-дан 62,3%-ға өскен. 2018 жылы тұтынушылық мақсатқа 130,7 миллиард теңге берілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,55-ға көп.