Зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану мәселесі талқыланды

Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс тобының кезекті отырысын өткізді.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің тиімділігі мен халықаралық тәжірибе туралы талдауды ұсынды.

Сонымен қатар зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс қаралды. Атап айтқанда, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға пайдалану, Бірыңғай әлеуметтік қор құру, бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу және басқа да мәселелер талқыланды.

Жұмыс тобы жылдың соңына дейін ұзақмерзімді актуарий модельдері негізінде зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныс әзірлейді.

Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Тамара Дүйсенова, «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» ЗТБ кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова, First Heartland Jysan Bank АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Болат Жәмішев, «Атамекен» ҰКП атқарушы хатшысы Алёна Романова, «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС аға серіктесі Олжас Құдайбергенов және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қорғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған еді.