Ұлттық банк ұлы тұлғаларға арналған монеталар шығарды

Ұлттық банк «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан Ілияс Жансүгіровтің, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің және Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған номиналы 100 теңге болатын I. Jansúgirov. 125 jyl, S. Seifýllin. 125 jyl, B. Mailin. 125 jyl, T. Rysqulov. 125 jyl және «Қазақстанның бейнелеу өнері» сериясынан номиналы 500 теңге болатын Á.Qasteev «Búrkitshi» коллекция монеталарын айналысқа шығарды.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, I. Jansúgirov. 125 jyl, S. Seifýllin. 125 jyl, B. Mailin. 125 jyl, T. Rysqulov. 125 jyl монеталарының аверсінің (бет жағы) ортасында Қазақстанның Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері бар. Айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу басылған, Төменгі бөлігінде монета номиналын білдіретін 100 TEŃGE деген жазу бар. Монеталардың реверсінде (сырт жағы) Қазақстанның стильдендірілген контурлы картасының аясында портрет, қазақ киізүйінің керегесі мен басқұры ретінде орындалған 125 JYL деген жазу мен монетаның соғылған жылын білдіретін «2019» деген жазу басылған. Монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы — 11,17 грамм, диаметрі — 31 миллиметр, дайындау сапасы — brilliant uncirculated, таралымы — әр түрі 7000 дана. Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.

Монетелар
Ұлттық банк баспасөз хабарламасының скриншоты

Á.Qasteev «Búrkitshi» монетасы ұлттық мәдениетіміздің байлығын танымал етуге және Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі графика, мүсін, бейнелеу, мозаика және басқа да бағыттардың толық аясын ашып көрсетуге арналған «Қазақстанның бейнелеу өнері» сериясымен шығып отыр. Дизайнына қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбілхан Қастеевтің «Бүркітші» картинасының бейнесі пайдаланылды. Монеталар түрлі түсті басу технологиясы бойынша күмістен дайындалды. Монетаның аверсінде орталық бөлігінде ою-өрнекпен бірге «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазудың қоршауында Қазақстан Елтаңбасы орналасқан. Төменгі бөлігінде монетаның номиналы, соғылған жылы және монета дайындалған металл мен оның сынамын және массасын білдіретін жазу бар. Жоғары бөлігінде Á.Qasteev «Búrkitshi» деген жазу және ҚР Ұлттық банкінің логотипі орналасқан. Бейнелер және жазу жылтыр бетте орындалған. Суретшінің картинасы монетаның реверсінде орналасқан. Монеталар 925/1000 сынамды күмістен дайындалған, массасы — 31,1 грамм, диаметрі — 35х45 миллиметр, дайындау сапасы — proof, таралымы — 1 000 дана.

"Бүркітші" монета
Скриншот

Номиналы 500 және 100 теңге болатын коллекция монеталары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша, сонымен бірге банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Күміс монеталар кәдесый орауымен шығарылады және Ұлттық банктің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Монеталарды Ұлттық банктің Қазақстан теңге сарайы шығарған. Оларды Ұлттық банктің барлық аумақтық филиалынан және Nationalbank.kz сайтындағы интернет-дүкеннен сатып алуға болады.