Зейнетақы жинағына баспана мен білім алуға кімдердің мүмкіндігі бар?

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қазақстанда зейнетақы жинақтарын баспана мен білім алуға пайдалануға 90 мың адамның ғана мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

Депутаттың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзі Қазақстан азаматтары зейнетақы жинақтарын қалай пайдалана алатынын дұрыс білмейді.

Қазір талқыланып жатқан нұсқа «жеткіліктілік шегі» деп аталатын межеге жеткендерге қатысты, ерлер үшін ол — 8,2 миллион теңге, әйелдер үшін 10,1 миллион теңге, яғни зейнетақы жинақтарының осы шамадан асқан бөлігін ғана пайдалануға болады. Мұндай шектен асқан салымшылар — небәрі 90 мың адам, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының жалпы санының 1%-інен де аз, — деді Аманжан Жамалов.

Депутат мұндай шешім халықтың көңілін қалдырады деп отыр.

Көпшілік алданып қалғандай сезімде болады. Бұл жерде біржақты қарауға болмайды деп есептеймін. Сондықтан салымшылардың әр санаты үшін жеткіліктілік шегін олардың жасына, табысына, ынтымақты зейнетақы алу құқығына, баспанасының бар-жоғына және тағы басқаға қарай есептеудің икемді жүйесін жасауды ұсынамын, — деді Аманжан Жамалов.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнет демалысына шықпай тұрып баспана немесе білім алуға жұмсауға мүмкіндік беруді ұсынған еді. Жуырда бұл мәселе Үкіметте талқыланды, арнайы жұмыс тобы жыл соңына дейін ұсыныс әзірлеуі керек.

ДереккөзTengrinews.kz