Былтыр Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының аясында әл-Фарабидің 1 150 жылдығына орай жасөспірімдерге арналған Farabi shakirti журналы шыға бастады. Басылым бала бойына ұлттық тәрбие мен құндылықты сіңдіруді көздейді.

Біздің болашағымыз — балалар. Оларды білімді, жан-жақты етіп тәрбиелесек, мемлекеттің  іргетасы мықты болары сөзсіз, — дейді бас редактор.

Жанастан Кучукованың айтуынша, қазір балаларға арнап шығарма жазатын автор көп, бірақ барлығының жазатыны — бір. Мысалы, патриот болу, Отанға, ата-анаға деген махаббат және тағы басқа. Балаға өмірді басқа қырынан да таныту керек. Қазіргі жасөспірімдерге ІТ саласы, жаңа әрі сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат қызық. Олар заман талабына сай латын әліпбиін де үйрене беруі керек.

Бала қолындағы газет-журналдан қажет ақпаратын қойын дәптеріне көшіріп жазса, ол әлдеқайда пайдалы. Баланың есте сақтау қабілеті де жақсарады. Интернет қарыштап, ересектердің ғана емес, балалардың да санасын жаулаған бұл күнде басылым арқылы жас ұрпақтың бойына рухани білім мен тәрбиені дұрыс сіңдіруіміз керек, — дейді ол.

Бас редакторды балалар басылымына сұраныстың аз болуы қынжылтады. Оның айтуынша, кейінгі жылдары балалар басылымының тиражы күрт кеміген. Өзі редакциясын басқарған «Мөлдір бұлақ» журналының 2005 жылғы таралымы 30 000 дана болса, қазір одан екі есе кем. Ал  Farabi shakirti 4000-нан астам данамен жарыққа шығады.

Баласының шығармасын басылым бетінен көргісі келетін ата-ана әлі де бар екені қуантады, — дейді Жанастан Кучукова.

Жанастан Кучукова. Фото: Айгүл Хожантаева
Жанастан Кучукова. Фото: Айгүл Хожантаева

Сонымен қатар бас редакторды балалар мен жасөспірімдерге арналған сайттардың жұмысы алаңдатады. Шығарма жазу, мәнерлеп оқу сияқты тапсырма шартын даярлап, есепшотын бірге жіберетін ақылы байқаулардың сапасына назар аудару керек. Қашықтан баға беретін маман қаншалықты тәжірибелі екенін де анықтап алған абзал.

Интернет, смартфон — заман талабы. Дегенмен гаджеттен ақпарат тез табылса да, балаға зиян тұсы көп, — дейді журналист.

Жанастан Кучукованың айтуынша, қазіргі жас буын сөзге шорқақ. Олардың шала қазақша сөйлеп, жалғау мен жұрнақты дұрыс қолдана алмайтыны рухани дертпен пара-пар. Әрбір сөзді тү­бір қалпында қолданудың орнына буынын жұтып айту және солай жазу сәнге ай­налды.

— Сен қаяққа баратырсың?
— Әкпемнің үйіне баратырмын. Сен де мемен барасың ба? Мен қаяқтан түсем?
– Жоқ, мен кеше бардым ғо. Жеткенде айт. Адасыватсаң хабарлас. Әкпенің балдары ана жақтан күтіп алсын. Журнал бетіне осындай мысалды жиі шығаруға тырысамыз. Себебі балалар осылай сөйлеуді, жазуды әдетке айналдырмаса екен деген мақсатымыз бар, — дейді ол.

Жанастан Кучукова, Farabi shakirti журналының бас редакторы. Фото: Айгүл Хожантаева
Жанастан Кучукова. Фото: Айгүл Хожантаева

Жанастан Кучукованың айтуынша, баласына смартфон ұстатпай, газет-журнал оқытып, жан-жақты тәрбие бергісі келетін ата-ана бар. Баланың өрісі кеңейіп, білімді болуы үшін әуелі ата-анасы газет-журнал оқығаны абзал. Сонда ғана балалар басылымға қызығады.

Бала тәрбиесіне қаржы бөлсе, болашақта бала оны еселеп қайтарады. Инвестицияның ең үлкені — бала тәрбиесіне арналған қаражат, — дейді балалар журналының бас редакторы.

Оның пікірінше, ата-ана балалардың басылымға жазылуы мен «мектепте ақша жинауға болмайды» деген ұранды шатастырады.

Басылымға жазылу үшін жиналған ақша біреудің қалтасына кетпейді. Ол ақша баласына жыл бойына рухани азық болатынын ұмытпаған абзал. «Жас авторлар газет-журналға мақала шығару үшін ақша төлейді» деген де пікір бар. Біздің басылым редакция талабына сай келетін материалдарды жариялайды, талапқа сай болса, бала шығармашылығына шектеу қоймаймыз, керісінше, авторларымыз үшін арнайы байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттап отырамыз, — дейді ол.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!