Аида Әлімбекова, экобелсенді, блогер:

Аида Әлімбекова
Аида Әлімбекова. Фото жеке архивінен

Жануарларды пайдаланатын мекеменің сан түрі бар. Хайуанаттар бағының да түрі көп. Африкадағы Сафари немесе АҚШ-тағы Майами зообақтары жануарлардың табиғи мекеніне ұқсатып жасалған. Алматы зообағы да біраз шара өткізді, торлардың аумағын кеңейтті, бірақ АҚШ-тың деңгейінен әлі де алыспыз.

Екіншіден, табиғатта аз қалған сирек жануар түрлерін сақтау үшін арнайы мекемелер керек, бірақ көп жерде жануарларды тек сауық үшін пайдаланады, сатып алады. Ресейде «Спасем дельфинов» деген қоғамдық ұйым бар. Бұл ұйым дельфиндерді, касаткаларды, белугаларды заңсыз аулап жүргендерге қарсы шығады. Кейбір мемлекетте дельфинарийлер бизнес ретінде кеңінен таралған. Өзім де бардым. Дельфиндердің қандай ортада өмір сүретінін және оларға қандай жауапсыздықпен қарайтынын көрдім. Сол себепті жануарларды ойын-сауық үшін пайдалануға қарсымын. Бұл су жануарларына ғана емес, жерде тіршілік ететін жануарларға да қатысты. Мысалы, цирк, жануарларды қолданатын фотостудиялар, жекелеген адамдар жабайы жануарларды үйде де ұстайды, әсіресе жаңадан шыққан шағын зообақтарға қарсымын. Олар көбіне ойын-сауық кешендерінде орналасады және енесінен ажыратылған жануарларды қолданады, бұл өте өкінішті. Осы орайда Алматы белсенділеріне көп рақмет айтқым келеді. Өйткені олар қоғамның назарын әлеуметтік желі арқылы осындай хайуанаттар бағындағы кінәсіз жабайы жануарларға аударды. Зообақ жабылды. Менің ойымша, жануарларға жасалып жатқан қатыгездікті тыю үшін арнайы заң, ірі айыппұл, мықты атқарушы орган және жанашыр қоғам керек.

Қылышбай Мұсабеков, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті биология музейінің бас маманы:

Қылышбай Мұсабеков
Қылышбай Мұсабеков. Фото жеке архивінен

Хайуанаттар бағының жұмысына тыйым салуға болмайды, бірақ мұндай мекемелердің жұмысын қадағалайтын, жақсартатын ұйымдарды көбейту керек деп ойлаймын. Өйткені зообақтарда жануарлар жиі өліп жатыр. Бұл нәрсе алдағы уақытта тағы қайталанбауы үшін жануарлардың өмір сүруіне қолайлы табиғи орта жасалуы керек.

Әр адам жануарларға қамқор болуы қажет. Аквариумы бар немесе құс асырайтын отбасында өскен балалар әдетте жануарларға мейіріммен қарайды. Сол себепті балабақшаларда, мектептерде табиғат бұрыштары болғаны дұрыс. Онда құстарды, балықтарды қоюға болады. Өйткені дәл сол кезде балалар жануарларды көзімен көреді. Жауапкершілікпен қарайды. Сол себепті жануарларға қамқорлықты насихаттау шаралары мектеп қабырғасынан басталуы керек.

Дархан Тілеужанов, ветеринар:

Дархан Тілеужанов
Дархан Тілеужанов. Фото: Айгүл Хожантаева

Менің ойымша, жануарларды пайдаланатын мекемелердің болғаны дұрыс емес. Өйткені мұндай мекемелер жануарларды тек табыс көзі ретінде пайдаланады. Жануарларды сауда орталықтарында, адамдар көп жүретін жерлерде ұстайды. Ал бұл жануарларға қолайсыздық тудырады, стреске тап болады. Дұрыс азықтанбаған соң асқазаны, ішек жолдары ауырады. Сол себепті жануарларды пайдаланатын мекемелер олардың денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін.

Жануар үшін өзінің өмір сүретін ортасы маңызды. Оларды қоғамдық орындарда ұстағанда қатты дыбыс немесе оларға кері әсер ететін басқа да нәрселер болуы мүмкін. Бұл нәрседен жануардың мінезі өзгеріп, күйзеліске тап болуы мүмкін. Кейде олар адамдарға шабуыл жасап, оның соңы қайғылы жағдайға да әкеледі. Сол себепті адамдардың жануарларға деген көзқарасы дұрыс болуы керек. Үйде қандай да бір жануар түрін асырайтындар оған тек көңіл көтеретін емес, үйдің, отбасының мүшесі ретінде қарауымыз қажет. Оның азығын уақытында беріп отыру маңызды. Бұл — үлкен жауапкершілік.

Айта кетейік, Baribar.kz Алматыдағы хайуанаттар бағына барып, ондағы жануарлардың қалай тіршілік етіп жатқаны туралы репортаж дайындаған еді. Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, ондағы жануарлардың жағдайы табиғи ортасына қарағанда әлдеқайда жақсы.

Мұндағы жануарларды мекендейтін жеріне жіберсе, олардың 15-20%-і тіршілік етіп кетуі мүмкін, бірақ көбі дайын азықты жеп үйренгендіктен азығын өздігінен табуға бейімделмеген. Кейбірі басқа аңдарға жем болады. Саны азайып бара жатқан жануарлар табиғатта азығын таба алмай, өзін қорғай алмай, өліп кеткеннен гөрі зообақта өмір сүргені әлдеқайда жақсы емес пе?!, — деп жауап берді ветеринар Асылбек Бекмұратов.

Baribar.kz жоғарыдағы сұрақтарды Алматыдағы зообақ қызметкерлеріне де қойды. Бірақ зообақтың баспасөз қызметі бұл тақырыпқа байланысты қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!