Ақжүрек Таңатаров: Арандатушылардың әрекетіне ермеуге үндеймін

Қазақ халқы қонақжай, баршамыздың бойымызда кеңшілікті, бауырмалдықты ту етіп ұстанатын мінезіміз бар. Қордай ауданының да тұрғындарын жақсы білемін, жанжалға бара бермейтін адамдар. «Жаман ұлт жоқ, жаман адам бар» дейді ғой, сабырсыздық танытқан бірнеше адамның кесірінен осындай қайғылы жағдай болыпты. Облыстың, ауданның тұрғындарын, барша халықты сабырлыққа шақырамын. Осындай дау-дамайға себеп болған адамдар жазасын алады деп сенемін, — деді Ақжүрек Таңатаров.

Ақжүрек Таңатаров жастарды арандатушылар мен олардың әрекеттеріне ермеуге үндеді.

Кез келген бүлікті тоқтатуға ақсақалдарымыздың айтқан салмақты сөзі көмектеседі деп ойлаймын. Біз үлкенге құрмет көрсетіп келе жатқан халықпыз ғой. Сол себепті ақсақалдарымыз шығып, сабырға шақырса, жақсы болар еді, — деді Ақжүрек Таңатаров.

7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан сегіз адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.