13 ақпан
Жаңабек Жетіруовтің Әбіш Кекілбаев повесінің желісімен түсірген «Шыңырау» фильмі көрсетіледі. Картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.
Бұл туынды Бангладеште өткен ХVII халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, «Үздік операторлық жұмыс» (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды. Сонымен бірге фильм Қытайдың Сямэнь қаласында өткен «Алтын әтеш және 100 гүл» атты бүкілқытай фестиваліне, АҚШ-та өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивальге, Үндістанның Керала халықаралық кинофестиваліне және Джайпурде өткен II Kaaryat кинофестиваліне қатысқан.
14 ақпан
Әзиз Зайыров пен Мұхамед Мамырбековтің «Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасы көрсетіледі. Картинада балалардың церебрал сал ауруына шалдыққан Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры, оның арманы, махаббаты мен отбасы туралы баяндалады.
Бұл кинотуынды биыл Лондонда өткен Romford Film Festival фестивалінде «Әйел адамның үздік ролі» (Динара Шарипова) жүлдесімен, Башқұртстанда өткен IV «Күміс Акбозат» фестивалінде «Әлеуметтік және мотивациялық кино» номинациясы бойынша қоғам қайраткері Каринэ Хабированың арнайы жүлдесімен және Башқұртстан Отбасы және еңбек министрлігі атынан «Армандардың орындалуы» арнайы сыйлығымен (актер Тахир Умаров) және Барселонада өткен Asian Film Festival Barcelona кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталған.
15 ақпан
Мәскеу халықаралық кинофестивалінде Қазақстан кино тарихында тұңғыш рет бас жүлдені жеңіп алған Фархат Шәріповтің «Жеке басты жетілдіру тренингі…» фильмі көрсетіледі. Бұл картина — XV «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің гран-приінің де иегері.
Фильм былтыр Бусан халықаралық кинофестивалінің конкурс бағдарламасында алғаш көрсетілді, сол жылы картина Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының және NETPAC жүлдесіне ие болды.
«Жеке басты жетілдіру тренингі…» фильмі 40-қа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері Қанат туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды кездестіргенде оның өмірге деген көзқарасы өзгереді.
16 ақпан
Эмир Байғазин атышулы трилогиясының соңғы бөлімі — «Өзен» картинасы көрсетіледі. Оқиға желісі өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірі күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды.
«Өзен» фильмін әлем киномандары Венеция кинофестивалінде алғаш көрді. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер (Best Director) атанды. Дүниежүзінің кино тақырыбында жазатын ірі бұқаралық ақпарат құралдары кинотуынды жайында жарыса сүйсініп жазды. Фильм былтыр күзде Солтүстік Америкада көрерменіне Торонто кинофестивалінде таныстырылды. Жыл сайын өтетін Asia Pacific Screen Awards салтанатында «Өзен» «Режиссурадағы табысы үшін» сыйлығына үміткер болды. Фильм Токио кинофестивалінің конкурс бағдарламасы аясында да көрсетілді. Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival кинофестивалінде ол қазылар алқасының «Нағыз кино тілімен бейнеленген көңіліңді бірден баурап алатын фильм» жүлдесіне ие болды. Эмир Байғазинге Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының гранты да («Алтын глобус») берілді.
Мәскеуде ТМД елдері арасындағы халықаралық кинофестивальдің негізгі байқауында фильм бас жүлдеге қол жеткізді. Ол «мағынасының тереңдігі, ауыспалылығы және поэтикасы үшін» халықаралық қазылар алқасының «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша да марапатталды.
Фильмдерге билетті Ticketon.kz сайтынан алуға болады.