Басты бетЖаңалықтарҚазақ күресі...

Қазақ күресі мектеп бағдарламасына пилот жоба ретінде енеді

Федерацияның мәліметінше, қазір елімізде спорттың бұл түрімен 116 082 адам айналысады. Қазақстанда 2016-2021 жылдарға арналған қазақ күресін дамыту бағдарламасы қабылданған. Федерация биыл күрестің бұл түрін халықаралық аренада насихаттауды жалғастырады. Сонымен бірге ол пилот жоба ретінде орта білім беру бағдарламасына енгізіледі.

Бастапқыдан спорт деңгейіне дейін 100 сағаттық оқу бағдарламасы әзірленді. Ол пилот жоба ретінде Нұр-Сұлтанның бес мектебінде дене шынықтыру пәніне енгізіледі. Қазақ күресі еліміздің барлық мектебінде сабақ ретінде өткізілуі үшін маман тарту керек, — деді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, қазақ күресін ғылыми-әдістемелік негізде зерттеу, күрестің бұл түрінен ұлттық құрама спортшыларын дайындау, қазақ күресін дамыту барысындағы құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру мақсатында Қазақ күресі академиясы ашылады. Ұлттық күрес Qazsport телеарнасы арқылы кеңінен насихатталады. 2020 жылы қазақ күресі бойынша Еуропа, Азия чемпионаттары, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, жастар арасындағы, 23 жасқа дейінгілер арасындағы, ересектер арасындағы республика чемпионаттары мен «Қазақстан барысы», «Халық барысы», «Еуразия барысы» жобалары және республикалық ірі турнирлер тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазақ күресінен еліміздің өзінде 104 спорт шарасы жоспарланған. Федерация БАҚ өкілдері арасында «Қазақ күресінің үні» атты конкурс та жариялағалы отыр. Ұлттық спортты насихаттауға үлес қосқан журналистерге қомақты жүлде беріледі.