Дәурен Абаев: «Әлем барысы» — қазақ күресін насихаттаудағы маңызды шара

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, «Әлем барысы» — қазақ күресін Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізу үшін жасалып жатқан ауқымды жоба.

«Әлем барысы» — қазақ күресін насихаттаудағы маңызды шара. Чемпионат халықаралық деңгейде жоғары баға алды. ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған дода мәдени мұрамызды дамытуға, қазақ күресін одан ары жетілдіріп, халықаралық деңгейде насихаттауға, қазақ күресінен «Әлем барысын» анықтауға арналады, — деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев ұлттық күрестен «Әлем барысы» чемпионатын ұйымдастырған Алматы әкімдігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтты.

Әлем барысы
Фото: Inform.kz

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров «Әлем барысының» ашылу салтанатында сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, төртінші рет өткелі жатқан «Әлем барысы» чемпионатына 30 елден 33 балуан қатысады.

Әлем барысы
Фото: Inform.kz

Бұл сында Қазақстанның намысын Айбек Нұғымаров (Шығыс Қазақстан облысы), Руслан Әбдіразақов (Алматы қаласы), Мақсат Исағабылов (Қызылорда облысы), Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сияқты балуандар қорғайды.