Басты бетЖаңалықтарТүркиядағы ұшақ...

Түркиядағы ұшақ апатынан Қазақстанның екі азаматы зардап шекті

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығының мәліметі бойынша 2020 жылғы 5 ақпанда жергілікті уақыт бойынша шамамен 18.00-де Ыстанбұл әуежайына қолайсыз қону барысында ұшақтың ұшу-қону жолынан тыс шығып кетуі салдарынан Қазақстанның екі азаматы жарақат алған. Олар Фатих Сұлтан Мехмет ауруханасына жеткізілді, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі

Қазір жағдайды Түркиядағы бас консулдық қадағалап отыр, Қазақстанның екі азаматына көмек беріледі.

Түрік тарапының Қазақстан консулына берген ақпараты бойынша Қазақстан Республикасының зардап шеккен азаматтарының бірі жарақаты жеңіл болғандықтан ауруханаға жатудан бас тартып, дәрігерлер тексергеннен кейін босатылды. Екінші азаматымыз да жеңіл жарақат алып, бүгін қысқа емдеуден кейін ауруханадан шығарылды, — деп хабарлады СІМ өкілдері сәлден соң.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Pegasus Airlines әуе компаниясының Измирден шығып, Ыстанбұлға жеткен жолаушылар ұшағы әуежайға дұрыс қонбай, жолақтан ауытқып, үшке бөлінген. Оқиға салдарынан 179 адам жараланып, үш адам қайтыс болды. Ыстанбұл губернаторы ұшақта барлығы 183 адам болғанын хабарлады.