Алматыда көпбалалы отбасылармен бірлескен жұмыс тобы құрылды

Әкімдіктің хабарлауынша, кездесуде көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік жағынан қолдау, оның ішінде еңбекпен қамту, жеке кәсіпкерлік бойынша көмек беру мәселелері қаралды.

Бүгінде «Бақытты отбасы» орталықтары Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығымен бірге «Іскер ана» бағдарламасын іске асырып жатыр, оның аясында көпбалалы әйелдер бизнес негіздерін үйренеді.

Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, 2019 жылдың тамызынан бері аудандық «Бақытты отбасы» орталықтарында 10 мыңға жуық отбасы әдістеме, заң бойынша көмек алды, сонымен қатар ана мен балаға арналған салауатты өмір кабинеттерінде болды. 2800-ден астам адамға жеке бизнес ашуға грант берілді.

Қаламыздағы ең белсенді адамдар — әйелдер. Сондықтан олармен диалог алаңын құру қажет, соның арқасында «Бақытты отбасы» орталықтарының жұмысы жүйеленеді, ең бастысы — өзекті проблемалар шешімін табады, — деді Ержан Бабақұмаров.

Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, Алматыда тағы екі «Бақытты отбасы» орталығы ашылып, аналарға берілетін грант саны көбейеді. Кездесу қорытындысы бойынша әлеуметтік орталықтардың жұмыс сапасын одан әрі жақсарту мақсатында көпбалалы және табысы аз отбасылармен бірге жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарды сол жұмыс тобы жете зерттемек.