Мамандардың мәліметінше, әдетте синоптиктердің қарлы боранға қатысты болжамы дәл келеді. Сол себепті боран соғатыны ескертілгеннен кейін қауіпсіздікке мән беру керек.

Қыс кезінде адамдардың өліміне қауіпсіздік шаралары мен өзін-өзі құтқару ережелерін білмеу, абайсыздық пен менмендік себеп болуы мүмкін. Азаматтар қарапайым сақтық шараларын ескерсе, жайсыз ауа райы кезіндегі қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар еді, — дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары.

Қыс мезгілінде жолға шығар алдында бәрін мұқият жоспарлау керек. Қатерден сақтану үшін әрбір ұсақ түйек маңызды! Ауа райының өзгеруін үнемі бақылап жүрген дұрыс.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері көлік жүргізушілеріне қыстың боранды күндері мынадай қарапайым ережелерді есте ұстауға кеңес береді:

  1. Жолға шығар алдында ауа райы болжамын анықтаңыз;
  2. Алыс жолда автокөлікпен келе жатып, боранға тап болсаңыз, тоқтап, жол бойына ашық түсті шүберек ілінген ескерту белгісін қойыңыз;
  3. Көліктің пердешесін түгел жауып, қозғалтқышты радиатор жағынан қымтау керек. Көлік капоты желмен бағыттас болып қойылуы қажет;
  4. Жанармайды үнемдеп, пешті үдетпеу керек, көлік қар астында қалуы мүмкін болған кезде есіктің біреуін үнемі ашып отырған жөн, салонды бітеп тастауы мүмкін оппа қарды бұзып отыру керек;
  5. Қанша тоңсаңыз да, қар астында қалған көліктің қозғалтқышын қоспау керек, адам қозғалтқыш жұмысы кезінде бөлінетін және автокөлік салонында үнемі жиналатын газдан уланып қалуы мүмкін;
  6. Жылыну қажет болғанда көліктен шығып, газ шығаратын түтік маңының қарын күреу керек, газ автокөлік астына емес, атмосфераға еркін шығуы керек, бірақ көліктен шықпас бұрын қолға жіп байлаған абзал. Қарлы боран түтеп тұрғанда көлігінен жарты метрге ұзаған адамның бағдарды жоғалтып, үсіп өлген кезі болған;
  7. Көлігіңіз жолда өшіп қалса, қобалжымай, жағдайды, бағдарды, тұрған орыныңызды, елді мекенге дейінгі қашықтықты бағалаңыз. Көмек күте тұруды ұйғарсаңыз, ұйықтап қалмауға тырысыңыз. Жүруге бел бусаңыз, тасжолдан, асфальттан алыстамаңыз. Себебі көлік жолы бойын басқа жермен салыстырғанда қар аз басады әрі жол бойы төңіректі дұрыс бағдарлауға мүмкіндік береді.

Ең дұрысы — қарлы боран кезінде елді мекеннен алысқа шығудан бас тарту керек, ауыл тұрғындары үйден жиі шықпағаны дұрыс, — дейді төтенше жағдайлар қызметкерлері.

Қыста автокөлік жолда тұрып қалғанда қалай жан сақтау керек?

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!